Ресей неге жанармай сұрады? Энергетика министрі жауап берді

138
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/V6CJ86uDnxJCBp1IevD84w3Yxzzs06sDq8Ke5vo9.webp

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейдің өз еліндегі жанармай тапшылығына байланысты Қазақстаннан отын жеткізуді сұрады деген ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна".

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытқа дейін Ресей тарапынан бұл мәселеге қатысты ресми өтініш түспеген.

«Ресей Федерациясынан ресми сауал түскен жоқ», – деді Ерлан Ақкенженов Үкімет кулуарында.

Сонымен қатар министр мұндай өтініш бола қалған жағдайда, Қазақстан оны белгіленген тәртіппен қарайтынын айтты.

Бұл мәлімдеме Сауда және интеграция министрлігінің Қазақстанның үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан жанар-жағармай материалдарын кедендік бажсыз импорттау мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы хабарламасынан кейін жасалды.

Жоспарға сәйкес, жеңілдетілген режим бензин, дизель отыны және авиациялық отынға қолданылуы мүмкін. Импорт көлемі алдын ала шектелмейді, қажеттілікке қарай анықталмақ.

Соңғы күндері Ресейде жанармай тапшылығы туралы ақпараттар жиілеп кетті. Forbes басылымының мәліметінше, 23 маусымдағы жағдай бойынша Ресейдің 89 өңірінің 61-інде жанармай құю станцияларында бензин мен дизель сатуға түрлі шектеулер енгізілген. Кей өңірлерде бір адамға 20–40 литрден артық жанармай сатылмаса, дизель отынына да көлемдік шектеулер қойылған. Кейбір жанармай құю станцияларында кезек пен талон жүйесі енгізілген.

Өңірлік билік бұл шаралар нарықтағы дүрбелең мен алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында қабылданғанын мәлімдеді.

Ал Қазақстанда жанармай тапшылығы жоқ. Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов ішкі нарық толық қамтамасыз етіліп отырғанын айтқан болатын. Оның мәліметінше, елдегі бензин, дизель және авиациялық отын қоры 1 миллион тоннадан асады.

Үкімет бірінші кезекте жанармай құю станцияларын, ауыл шаруашылығы өндірушілерін және отандық әуе тасымалдаушыларын отынмен қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік шекарада бақылау күшейтіліп, мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың алдын алу және жанар-жағармай өндірісі мен қорына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі бұған дейін тараған Қазақстанда авиациялық отын тапшылығы болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарып, отандық мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеген еді.

댓글
기타 기사