Нобель сыйлығының иегері қазақ оқырманынан кешірім сұрады

119
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4upe5XArPAQUvLCKhrochQFfmMyti8qex3KjWsCJ.webp

Қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян Ұлттық академиялық кітапханада қазақ қаламгерлерімен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Кездесу барысында жазушы өз сөзін қазақ әдебиетін жеткілікті деңгейде оқымағаны үшін кешірім сұраудан бастады. Оның айтуынша, бұған қазақ әдебиетінің қытай тіліне аударылған нұсқаларының аздығы себеп болған. Ол сапардан кейін қазақ жазушыларының шығармаларын қытай тіліне аударылған еңбектер арқылы іздеп, танысуды жоспарлайтынын жеткізді.

Шара барысында Мо Ян әдеби ортада кең талқыланған «Салпы кеуде, үлкен бөксе» шығармасы бойынша дәріс оқыды. Жазушы туындыда дәстүрлі қытай қоғамындағы отбасылық көзқарастар, әйел тағдыры және әлеуметтік әділетсіздік мәселелері көтерілетінін атап өтті.

Автордың айтуынша, шығарманың бас кейіпкері күйеуінен ажырасқаннан кейін бірнеше ер адамнан тоғыз бала дүниеге әкеліп, қоғамдағы әйелге қатысты біржақты көзқарастарға қарсы тұрады. Туындыда кейіпкердің сегіз қыз, бір ұл тәрбиелейтіні баяндалады.

Сондай-ақ жазушы кейіпкердің қыздарының әртүрлі әлеуметтік және саяси орта өкілдеріне тұрмысқа шығуы арқылы қоғамдағы қайшылықтар мен соғыс жағдайлары суреттелетінін айтты. Оның пікірінше, шығармада ананың құдіреті мен отбасылық байланыстардың маңызы айқын көрініс табады.

Мо Янның айтуынша, кейіпкердің жалғыз ұлы аралас некеден туған, бұл арқылы автор мәдени және ұлттық бірегейлік мәселесін де көтереді.

Кездесу соңында жазушы қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Ол жас кезінде түнде жазып, күндіз ұйықтағанын, қазіргі уақытта күн тәртібін өзгертіп, күндіз жұмыс істейтінін айтты.

Сонымен қатар Мо Ян әдебиеттегі «көркем шындық» пен «нақты өмір шындығынан» бөлек, «үшінші шындықты» қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Ол жас қаламгерлерге ұлттық болмыс пен дәстүрге сүйене отырып, жаңа әдеби форма іздеуге кеңес берді.

Жазушы өз шығармашылығында магиялық реализм элементтері бар екенін айтып, Габриэль Гарсиа Маркес шығармашылығының ықпалын мойындады. Сонымен қатар ол әрбір қаламгердің өз ұлттық танымына сүйене отырып, әлемдік әдебиетке жаңа үлес қосуы қажет екенін атап өтті

댓글
기타 기사