Елімізде шетелден келгендерден безгек ауруы анықталды

112
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ef7SmM5XulV6vTRrjXRqVxd6ikvvbjJHGIVqlKf3.avif

Алматыда соңғы апта ішінде безгек ауруының екі жағдайы тіркелді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ведомствоның мәліметінше, инфекция Габоннан іссапардан және Вьетнамнан туристік сапардан оралған азаматтардан анықталған. Осылайша, жыл басынан бері Алматыда шетелден әкелінген безгек ауруының жалпы төрт жағдайы тіркеліп отыр.

Мамандардың айтуынша, науқастардың бірінен тропикалық безгек, екіншісінен үш күндік безгек анықталған. Тропикалық безгек – аурудың ең қауіпті түрі саналады. Уақытылы ем көрсетілмеген жағдайда ол ми, бауыр, бүйрек және тыныс алу жүйесіне зақым келтіріп, ауыр асқынуларға немесе өлімге әкелуі мүмкін. Ал үш күндік безгек салыстырмалы түрде жеңіл өткенімен, оның қоздырғышы ағзада ұзақ уақыт сақталып, бірнеше айдан кейін қайта белсенді болуы ықтимал.

Орталықтың хабарлауынша, екі жағдай да зертханалық сараптамамен расталған. Қазіргі уақытта науқастар стационарда ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде.

Мамандар безгек Anopheles тұқымдасына жататын масалардың шағуы арқылы жұғатынын атап өтті. Ауру тұрмыстық қарым-қатынас кезінде, қол алысу, ортақ ыдыс-аяқ пайдалану, тағам, су немесе ауа-тамшы жолымен берілмейді.

Денсаулық сақтау саласының мамандары безгек кең таралған елдерге сапарлайтын азаматтарға алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді. 

댓글
기타 기사