Aзаматтық белсендінің ұсталғаны хабарланды

29
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vQ70x8GPw6lZDB4LRgEJAdUPa9PruDsrQ7njAo47.webp

Маңғыстау облысында азаматтық белсенді Мұратбай Жұмағалиевтің қалтасынан есірткі табылып, ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттық радиосына" сілтеп. 

Басылым мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда белсендіні арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлері қоршап тұрғаны көрінеді. Кадрларда Жұмағалиев өзіне қатысты арандату жасалып жатқанын айтып, наразылық білдірген. Белсендінің ұсталуына дейін әлеуметтік желілерде оған қатысты даулы видеоматериалдар тараған. Мамыр айының ортасында Telegram-арналар мен пабликтерде мүгедектер арбасындағы азаматқа күш көрсетілген бейне жарияланып, кейбір қолданушылар кадрдағы адамның Мұратбай Жұмағалиев болуы мүмкін екенін жазған.

19 мамырда белсенді видеоүндеу жасап, жарияланған материалдың шынайылығына күмән келтірді. Оның айтуынша, бейнежазба жасанды интеллект көмегімен өңделген немесе ескі материалдардың негізінде құрастырылған болуы мүмкін.

БАҚ мәліметінше, Мұратбай Жұмағалиев пен видеодағы екінші адам ретінде аталған Ерік Жұмабаев құқық қорғау органдарына жалған ақпарат тарату және тұрғын үйге заңсыз бейнебақылау орнату деректері бойынша арыз түсірген. Алайда басылымның жазуынша, аталған өтініштер бойынша нақты шешім қабылданбаған.

Мұратбай Жұмағалиев – Жаңаөзен қаласындағы танымал азаматтық белсенділердің бірі. Ол 2011 жылғы мұнайшылар ереуіліне қатысқан. Кейін жаппай тәртіпсіздіктер ісі бойынша айыпталып, шартты жаза алған. Әр жылдары белсенді рұқсат етілмеген митингілерге қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларын қайта тергеуді талап етіп, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша пікір білдіріп келген.

Қазір Мұратбай Жұмағалиевтің қандай іс бойынша ұсталғаны және оның процессуалдық мәртебесі туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Құқық қорғау органдары әзірге бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.

댓글
기타 기사