Алматыда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жаңа маусымы басталды

167
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Fa2AYJ0QSgVdlqcFxPIl3PhqfhdzAQKe6JizyAJt.jpg

Алматыда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жаңа маусымы салтанатты түрде ашылды. Биыл жоба аясында 2100 жас пен жасөспірімді жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Ашылу рәсіміне Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері, жастар ұйымдары, еңбек жасақтарының мүшелері, еріктілер және қала жастары қатысты.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастарды қолдау, экологиялық жауапкершілікті арттыру және қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

«Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы азаматтардың экологиялық санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды жоба. Бұл бастама тек тазалық мәселесімен шектелмейді. Ол қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін, еңбекке құрметті, туған жерге сүйіспеншілікті және қоғамға пайда келтіруге деген ұмтылысты қалыптастырады.

Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі жастарды жан-жақты қолдауға ерекше назар аударып келеді. Басты мақсатымыз – жастарға мүмкіндік жасау, оларды еңбекке, қоғамдық өмірге тарту және әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

«Жасыл ел» жобасы осы мақсаттарға қол жеткізудегі ең тиімді бастамалардың бірі. Ол жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, туған қаласын көркейтуге және экологиялық мәдениетті дамытуға үлес қосуға мүмкіндік береді», – деді Азиз Кажденбек.

Бүгінде Алматы еліміздегі жастар саны ең көп қала саналады. Мұнда 769 мыңнан астам жас тұрады. Оның ішінде 472,8 мыңы – жұмыс істейтін жастар, 307,8 мыңнан астамы – жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, ал шамамен 80 мыңы – жоғары сынып оқушылары.

2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жобасы жастарды еңбекке баулуға, экологиялық сананы арттыруға және оларды қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартуға бағытталған.

Жоба жетекшісі Ердәулет Жүнісбектің айтуынша, жазғы маусымда еңбек жасақтарының мүшелері қаланы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді көркейту, аумақтарды санитарлық тазалаумен айналысып, экологиялық акцияларға қатысады.

«Көптеген жас үшін «Жасыл ел» алғашқы еңбек мектебіне айналады. Мұнда олар тәжірибе жинап қана қоймай, жауапкершілікке, тәртіпке және белсенді азаматтық ұстанымға үйренеді», – деді Ердәулет Жүнісбек.

Айта кету керек, 2025 жылы Алматы «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру бойынша еліміздегі үздік өңір деп танылды. Өткен маусымда жоба аясында 2100 жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар алғаш рет колледж студенттері мен NEET санатындағы жастар кеңінен тартылды.

Жаңа еңбек маусымы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Барлық қатысушы арнайы «Жасыл ел» формасымен қамтамасыз етіледі.

Ұйымдастырушылар биыл жоба аясында қатысушылар аясын кеңейтіп, экологиялық және қоғамдық бастамалардың санын арттыруды жоспарлап отыр.

댓글
기타 기사