Депутаттың өлімі. Клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталды

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hInAsPRv325TatV88Y4YUqIrGMFs3xVwk8TAOdVP.webp

Депутат Айтуовтың пластикалық операциядан кейін қайтыс болуына байланысты жекеменшік медициналық орталықта жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында бірқатар өрескел заңбұзушылық анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, тексеру нәтижесінде медициналық ұйымның емдеу-диагностикалық жұмыстары мен медициналық құжаттарды жүргізуінде елеулі кемшіліктер анықталған. Мәліметке сәйкес, Ербол Айтуов 2026 жылдың 4 сәуірінде пластикалық операциядан кейін жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем қызметімен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Тексеру барысында марқұмның II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Алайда операция алдында пациент эндокринологтың кеңесіне жіберілмеген әрі қандағы қант деңгейін тұрақтандыру бойынша қажетті шаралар қабылданбаған.

Фармбақылау департаментінің мәліметінше, операция алдындағы тексерулер жүргізілгенімен, тәуекелдерді бағалау және пациентті операцияға дайындау жұмыстары қолданыстағы стандарттарға толық сәйкес орындалмаған.

Сондай-ақ жоспарлы операцияға рұқсат беру туралы шешімді қабылдаған клиниканың бас дәрігері әрі пластикалық хирургі науқаста қатар жүретін аурулардың болуына қарамастан қосымша тексерулер тағайындамаған және эндокринолог пен терапевтке жолдамаған. Тексеру қорытындысы бойынша медициналық мекемеге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жиналған материалдар құқықтық баға беру үшін Маңғыстау облысының полиция департаменті мен прокуратура органдарына жолданды.

Ведомствоның мәліметінше, аталған клиникаға бұған дейін де, нақтырақ айтқанда 2023 және 2025 жылдары пациенттердің шағымдары негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Медициналық мекеме 2015 жылы берілген лицензия негізінде жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау саласындағы бақылау органы пластикалық операцияларды жүргізу үшін жалпы медициналық лицензиядан бөлек арнайы рұқсат құжаттары қажет екенін атап өтті.

댓글
기타 기사