36 ел Путинге қарсы трибунал құруға келісті

114
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9Mg4TOgTbSTn1M8pzb3778W8A7xBGqG2xQQFSHEu.jpg

Еуропа елдерінің басым бөлігін қоса алғанда 36 мемлекет Ресейдің Украинаға қарсы жасалған агрессия қылмысын тергеу және соттау мақсатында Арнайы трибунал құру туралы келісімге қол қойды. Бұл құрылым бейресми түрде «Путинге арналған трибунал» деп аталып отыр. Трибуналдың штаб-пәтері Гаага қаласында орналасады. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Бірлескен мәлімдеме жұма күні Еуропа Кеңесінің жыл сайынғы сыртқы істер министрлерінің кездесуі аясында рәсімделді. Бұл ұйым Халықаралық қылмыстық сот қалдырған юрисдикциялық олқылықты жою бастамасын өз мойнына алған.

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига салтанатты рәсімге қатысып, бұл сәтті «қайтарымсыз нүкте» деп атады.

«Арнайы трибунал енді құқықтық шындыққа айналды. Көп адам бұл күннің келетініне сенбеді, бірақ ол келді. Путин тарихқа кіруді әрдайым қалады. Бұл трибунал оған тарихқа кіруге көмектеседі. Ол тарихқа қылмыскер ретінде енеді», - деді ол.

Құжатқа Австрия, Андорра, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Грекия, Дания, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Кипр, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Молдова, Монако, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Сан-Марино, Словения, Украина, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия, Швейцария, Швеция және Эстония қол қойды.

Еуропадан тыс елдерден Австралия мен Коста-Рика қосылған.

Еуропалық Одақ бұл бастаманы қолдады, алайда оның төрт елі – Болгария, Венгрия, Мальта және Словакия қол қоймаған.

Кейінірек әлемнің кез келген елі бұл құжатқа қосыла алады.

Трибуналға қоса, соғыс салдарынан зардап шеккендердің талап-арыздарын жинайтын залал тізілімі және өтемақы мәселесін қарайтын халықаралық комиссия құрылады.

Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе қатысушыларды заңнамалық рәсімдерді жедел аяқтап, қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге шақырды. Еуроодақ бұл мақсатқа 10 миллион еуро бөлген.

Қаржыландыруға қатысты алаңдаушылық АҚШ-тың бұл бастамаға қатыспауымен байланысты. Сонымен қатар, Дональд Трамптың Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге ұмтылысы трибуналдың негізгі мақсатына әсер етуі мүмкін деген пікір айтылды.

Арнайы трибунал құру Украина мен оның одақтастары үшін 2022 жылдың ақпанынан бері маңызды міндеттердің бірі болып келеді.

Бұл бастама қажет деп танылды, себебі Халықаралық қылмыстық сот агрессия қылмысын тек белгілі жағдайларда ғана қарай алады, ал Ресей Рим статутын ратификацияламаған.

Әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстардан айырмашылығы – агрессия қылмысы мемлекетті басқарушы жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты қаралады.

Тәжірибеде бұл «үштік» — президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі, сондай-ақ жоғары әскери басшылар.

Күдіктілердің қатарында Владимир Путин, Сергей Лавров, сондай-ақ Генштаб басшысы Валерий Герасимов, әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Сергей Кобылаш және бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгу болуы мүмкін.

Айта кетейік, трибунал кінәлі деп танылғандарға өмір бойына бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу және айыппұл салу сияқты жазаларды қолдана алады. Түскен қаражат зардап шеккендерге өтемақы қорына жіберіледі.

댓글
기타 기사