Вирус Қазақстанда таралуы мүмкін бе?

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6PAYfAsn6IFPtzLlH2COqQ98aB8DItUSHgWenjQS.jpg

Қазақстанда хантавирус инфекциясының таралу қаупі төмен екені айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеген.

Қазақпараттың мәліметінше, мамандар хантавирус негізінен кеміргіштер арқылы таралатынын атап өткен. Адам инфекцияны тышқандар мен егеуқұйрықтардың нәжісі, зәрі немесе сілекейі арқылы ластанған шаң-тозаңды тыныс алу кезінде жұқтыруы мүмкін.

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Альбина Өтемұратова Қазақстанда хантавирус тіркелмегенін айтты.

"Хантавирус адамнан адамға оңай таралатын инфекцияларға жатпайды. Оңтүстік Америкадағы кейбір штамдарға қатысты сирек жағдайлар болғанымен, көп жағдайда инфекцияның негізгі көзі – кеміргіштер", – деді маман.

Оның айтуынша, аурудың инкубациялық кезеңі 7 күннен 42 күнге дейін созылуы мүмкін. Алғашқы белгілері қатарында дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет ауруы, жөтел, ентігу, жүрек айну және іш өту байқалады. Ауыр жағдайда өкпенің ісінуі мен тыныс жетіспеушілігі дамуы ықтимал.

ДДҰ мен сарапшылар хантавирустың COVID-19 секілді жаһандық пандемияға айналу қаупін төмен деп бағалап отыр. Себебі вирус ауа-тамшы жолымен тез таралмайды және жұқпалылығы әлдеқайда төмен.

Мамандар халыққа қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда, үй-жайды таза ұстау, кеміргіштерден қорғау, тағамды жабық сақтау, тазалау кезінде маска мен қолғап пайдалану және қолды жиі жуу қажет.

Қазіргі таңда хантавирусқа қарсы арнайы вакцина мен лицензияланған вирусқа қарсы ем жоқ. Емдеу науқастың жағдайын бақылауға және асқынулардың алдын алуға бағытталады.

댓글
기타 기사