Президент LRT-ның алғашқы жолаушысы болды

88
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jcdd7gI3kvKci1M4ypLJVentH0yUGXGDvx9LNIGA.jpg

Астанада LRT жұмысын Президент бақылады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

16 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жобасының жұмысын бастады.

Мемлекет басшысы алғашқы жолаушы ретінде «Әуежай» стансасынан «Ұлттық музей» стансасына дейін жүріп өтті. Сондай-ақ Президент қоғамдық көліктің, соның ішінде LRT жүйесінің жұмысын бақылайтын Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT іске қосылуына байланысты арнайы диспетчерлік қызмет құрылғанын айтты. Қазіргі таңда қоғамдық көлікті бақылау мен реттеу жұмысына 21 маман тартылған.

Әрбір LRT пойызы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 15 пойыз қатынайды, оның төртеуі резервте болады. Пойыздар жүргізушісіз режимде жұмыс істейді. Жүйедегі қозғалыс, жылдамдықты арттыру, тежеу және есіктерді ашу үдерістері толық автоматтандырылған.

Жоба аясында 18 станса мен заманауи депо салынған. Маршруттың толық ұзындығын жүріп өтуге шамамен 40 минут кетеді. Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 50–60 шақырымды құрайды, ал қозғалыс аралығы 5–6 минут болады.

Президент LRT жобасының Астана мен бүкіл Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, болашақта елорда Еуразиядағы ірі көлік хабына айналуы тиіс.

Мемлекет басшысына №001 сериялы арнайы карта табысталды. Сонымен қатар LRT-тің екінші кезеңін жүзеге асыру мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа желілер «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» тұрғын алабы және Қосшы бағытына тартылмақ. Екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды және 20 станса салу жоспарланған.

Жоба соңында Президент қытайлық компания өкілдеріне, CTS Transportation және Astana LRT қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

«This is only the first step! – Бұл тек алғашқы қадам!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

댓글
기타 기사