Обаларды опырғандардың обалы кімге?

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0DwrgQfmlSSdDj5qmJ6LZqrMts7k1iJINbmeKa54.jpg

Фото: Facebook/ Ольга Гумирова

Жетісу облысында археологиялық ескерткіштер мен тарихи нысандардың сақталуына қатысты қоғамда алаңдаушылық күшейіп отыр. Журналист әрі петроглифтерді зерттеуші Ольга Гумирова әлеуметтік желідегі жазбасында Талдықорған маңындағы бірнеше аумақта тарихи мұраға қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Оның айтуынша, Ордакөл археологиялық кешенінің аумағында қиыршық тас өндіретін карьер ашу әрекеттері байқалған. Аталған кешен ресми түрде тіркелген тарихи-мәдени нысан саналады және оның қорғау аймақтары бекітілген. Соған қарамастан, карьер жұмыстары сақ дәуіріне жататын қорғандардың маңында жүргізілмек болған.

Оқиға орнына тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының қызметкерлері, оның ішінде Дина Серікова бастаған мамандар барған. Қоғам белсенділері бұл әрекетті заң талаптарын бұзу деп бағалап отыр. Олар негізгі жауапкершілік жұмысшыларда емес, тиісті бақылау жүргізуі тиіс жергілікті атқарушы органдарда екенін айтады.

Сонымен қатар, Кербұлақ және Ескелді аудандарында гидроэлектр станцияларының (ГЭС) құрылысы археологиялық сараптамасыз басталып кеткені туралы ақпарат тарады. Көксу өңірінде де жол салу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Кей деректерге сәйкес, бұл жұмыстар жергілікті әкімдік құрылымдарын айналып өтіп іске асырылып жатқан көрінеді.

Мамандардың айтуынша, Көксу өзенінің сол жағалауында көптеген көне обалар, қорымдар, ежелгі қоныстар мен петроглифтер орналасқан. Сондықтан мұндай аумақтарда кез келген құрылыс немесе жер қазу жұмыстары басталмас бұрын толық археологиялық зерттеу жүргізілуі тиіс.

“Көксудың сол жағалауында обалар, көне қоныстар, петроглифтер шоғырланғанын облыстық та, аудандық та әкімдіктер жақсы біледі. Мұндай жерде толыққанды археологиялық сараптамасыз құрылыс бастауға болмайды. Бірақ, шамасы, мәңгүрттік вирусы бұл құрылымдарға да еніп, Отанға деген сүйіспеншіліктің іріп-шіруі, ата-бабадан безіну басталған сияқты.

Бұл жерде әлемдік маңызы бар ескерткіштер орналасқан. Бірақ кейбір шенеуніктер мен бизнес өкілдеріне бәрібір!

Осы өңірдегі XVIII ғасырдағы қазақ қорымдарында жоңғарларға қарсы жер қорғаған батырлар жерленген. Әкімдіктерден біреу шығып, жалайыр батырларының бейіттерін қандай қаржы үшін және кімнің мүддесі үшін жермен-жексен етпек екенін ашық айтар ма екен деген сұрақ туындайды. Оны айтуға біреудің батылы жете ме?

Кейбір адамдар үшін ақша қайда болса – Отан да сонда сияқты. Бір өңірде ар-ұяттан жұрдай осыншама адамның жиналуы — расымен де Жетісудағы бір аномалия секілді», деп жазлы Ольга Гумирова.

Әзірге облыс әкімдігі мен жауапты мемлекеттік органдар аталған мәселелер бойынша ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда қоғам өкілдері тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау талаптарының қатаң сақталуын және барлық құрылыс жобаларының заң аясында жүзеге асырылуын талап етуде.

댓글
기타 기사