АҚШ пен Иран «өте жақсы» келіссөздер жүргізді – Трамп

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/g4KMfDgxBDtjjoxW9TDclrlSj5cBQOPNtbp4VXzD.webp

АҚШ пен Иран «өте жақсы» келіссөздер жүргізді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, тараптар «жақын арада» келісімге келіп, қақтығысты тоқтатуы мүмкін.

«Қазір бәрі жақсы жүріп жатыр, біз өзімізге тиесілі нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Егер оған қол жеткізбесек, келесі үлкен қадамды жасауға тура келеді. Бірақ олар келісім жасағысы келеді», – деді Трамп.

Президенттің сөзінше, Тегеран Вашингтонның негізгі талабын – ядролық қару жасаудан бас тартуды қабылдаған. Алайда Иран билігі бұл мәлімдемеге әлі ресми пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін Axios басылымы Иран мен АҚШ «өзара түсіністік туралы бір беттік меморандумға» қол қоюға жақын екенін хабарлаған. Бұл құжат тараптар арасындағы бейбіт келісімнің негізін құрып, кейінгі келіссөздерге жол ашпақ.

Атап айтқанда, құжатта 30 күндік келіссөздер қарастырылған. Бұл кезеңде тараптар Ормұз бұғазы, Иранның ядролық бағдарламасы және АҚШ санкциялары бойынша қосымша келісімдерге келуі тиіс. 

«Ақ үй Иран меморандумға апта соңына дейін қол қояды деп күтуде»,– деп жазды Axios.

Иран билігі бұған дейін АҚШ-тың соғысты тоқтату жөніндегі ұсынысын қарап жатқанын және жақын уақытта өз жауабын Пәкістан арқылы беретінін мәлімдеген. Пәкістан бұл келіссөздерде делдал ретінде әрекет етуде.

댓글
기타 기사