Трамптың ұлдары Қазақстанда вольфрам өндіруді көздеп отыр — БАҚ

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/K0bndevKtOty2jZMAijLANENN91A8O9aMrAlQqgV.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеру жобасына қатысатын үлеске ие болды. Бұл туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасап Financial Times газеті жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Дереккөздерге сүйенсек, Трамптың ұлдары өткен жылы Skyline Builders құрылыс компаниясының үлесін сатып алған. Бірақ олар мұны тікелей емес, Dominari Securities LLC инвестициялық-консалтингтік фирмасымен байланысты құрылым арқылы жүзеге асырған.

Одан кейін Skyline Азиядағы маңызды минералдық активтері бар компанияның 20% үлесін 20 миллион долларға сатып алуға шешім қабылдаған. Басылымның жазуынша, бұл Cove Capital инвестициялық тобының еншілес компаниясы.

Газетке сәйкес, Cove Capital мен «Қазақстанның ұлттық тау-кен компаниясы» вольфрамның ірі, барланған, бірақ әлі игерілмеген кен орнын дамыту жөнінде келісім жасаған. Кейін Cove Capital құрылымдары Skyline-мен бірігуге келіскен. Нәтижесінде Kaz Resources атты жаңа компания құрылып, ол Nasdaq биржасына шығуға дайындалып жатыр.

30 сәуірде Kaz Resources компаниясының ресми сайтында баспасөз-релизі жарияланып, Skyline Builders Group Holding Ltd пен Cove Kaz Capital Group LLC бірігу туралы келісімге келгені расталды.

Біріккен компания АҚШ-қа вольфрам, сирек жер элементтері және басқа да маңызды минералдарды жеткізеді.

Пресс-релизде Skyline компаниясы осы мәміле арқылы «АҚШ үшін негізгі стратегиялық минерал жеткізушіге айналу» мақсатын орындайтыны айтылған. Сонымен қатар Kaz Resources тек вольфрам ғана емес, литий, бериллий, тантал, ниобий және рубидий сияқты элементтерді де жеткізуге дайын екені көрсетілген.

Сондай-ақ бірігу мәмілесіне Қазақстанда 15 лицензиясы бар KAZ Critical Minerals атты тағы бір америкалық компания да қатысады.

Пресс-релизге сәйкес, мәміленің негізі – Тау-Кен Самұрық компаниясынан «Солтүстік Қатпар» ЖШС-нің 70% үлесін сатып алу.

Бұл компания Қарағанды облысындағы екі кен орнына лицензия иесі:

  • «Солтүстік Қатпар»
  • «Жоғарғы Қайрақты»

«Тау-Кен Самұрық» мәліметінше, Солтүстік Қатпар қоры орташа, ал Жоғарғы Қайрақты — бірегей, әлемдегі ең ірі үш вольфрам кен орнының бірі (қоры 1 миллион тоннадан асады).

21 сәуірде «Тау-Кен Самұрық» бұл мәміле туралы мәлімдеме жасап, кен орындары сатылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар Cove Capital бірлескен кәсіпорындағы жарғылық капиталдың 70% үлесін алатыны расталды.

Келісім бойынша:

  • инвестор 1 миллиард доллардан астам қаржы салады;
  • техникалық және операциялық тәуекелдерді өз мойнына алады.

Компания Қазақстан стратегиялық бақылауды сақтайтынын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар жоба өнімді Қазақстан аумағында өндіруге бағытталған, қосылған құн қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.

Хабарламада халықаралық серіктес вольфрам өнімдеріне тұрақты нарық ашатыны да айтылған.

Сарапшылар сирек жер элементтерін «жаңа мұнай» деп атайды, себебі олар қазіргі технологиялық экономика үшін аса маңызды.

Олар электроникада және қорғаныс өнеркәсібінде кең қолданылады.

Қазіргі таңда бұл салада Қытай көш бастап тұр. Bloomberg сарапшыларының айтуынша, Қытай сирек металдарды АҚШ-пен сауда қақтығысында қысым құралы ретінде қолданады.

Мысалы, өткен жылы Трамп енгізген баж салығына жауап ретінде Қытай сирек жер элементтерінің экспортына шектеулер енгізген.

Сондықтан АҚШ бұл ресурстарға балама жеткізу жолдарын іздеуде.

Еске салсақ, осы жылдың ақпанында Дональд Трамп Қытайға тәуелділікті азайту үшін құны 12 миллиард доллар болатын стратегиялық минералдар қорын құру жоспарын жариялаған.

 

 

 

댓글
기타 기사