«Таза Қазақстан»: Жетісу облысындағы «Қойтас» эко-саябағы 20 гектарға дейін ұлғаяды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4waBubd8yiEaNH6PcfhrICODJFt0puLd0p8SBiXo.jpg

Фото: Дмитрий Ерофеев

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жетісу облысында 3 эко-саябақ құру жұмыстары басталды. Соның бірі – Сарқан қаласындағы «Қойтас». Өңір басшысы Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына жасаған жұмыс сапары барысында саябақтың абаттандыру, көркейту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, табиғи ландшафты сақталған саябақ 2022 жылы құрылған. Өткен жылы мұнда 850 метр жаяу жүргіншілер жолы төселіп, орындықтар, жарықтандыру жүйелері, балалар ойын алаңы, субұрқақ және қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған 400 орындық амфитеатр, екі бақылау алаңы, 11 мүсін мен шағын сәулет нысандары, сондай-ақ заманауи санитарлық торап салынды. 1220 түп ағаш көшеті отырғызылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылды.

Аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, биыл саябақ аумағын 6 гектардан 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте өңір басшысына нысанды кеңейту және одан әрі абаттандыру жобасы таныстырылды.

- Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Өзен жағалауы бойымен қайықпен серуендеуге мүмкіндік беретін демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ тұрғындарға арналған демалыс орындары жабдықталуда. Эко-саябақта ту тұғырын орнату, «шахмат аралын» жасау, этноауыл құру, төрт трассасы бар жыл бойы жұмыс істейтін тюбинг аймағын, субұрқақ пен жасанды сырғанақ салу жоспарланған. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер жолын Молалы көпіріне дейін ұзарту және саябақтың қолжетімділігін арттыру үшін қосымша жаяу көпір салу қарастырылған, - деп атап өтті Ғ. Маманбаев.

Нысан кезең-кезеңімен абаттандырылып, қазірдің өзінде аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болып отыр. Бұл ретте облыс әкімі:

- Бұл - табиғи ландшафты сақталған экологиялық парк. Табиғаттың бұл ерекше сыйы әсем сәулеттік шешімдермен безендіріле отырып, өзінің бастапқы қалпында сақталуы тиіс. Сондықтан әрбір шаршы метр тиімді пайдаланылуы керек, осы орайда тек ағаш, тас, топырақ сияқты табиғи материалдар қолданылуы тиіс. Сіздерге эко-паркті дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеп, ұсынуды тапсырамын. Барлық жұмысты 2027 жылы толық аяқтауды жоспарлау керек. Жалпы алғанда, бұл эко-парк болашақта тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келетін қонақтарды да тартатын бірегей демалыс орнына айналады, — деді Б. Исабаев.

Атап өтсек, Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 84 гектар болатын үш эко-саябақ құрылады. Олар - Талдықорған қаласындағы «Тасбақа», Текелі қаласындағы «Серкесай» және Сарқан қаласындағы «Қойтас». Аталған жобаларды іске асыру табиғи ландшафты сақтауға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Жетісу өңіріне келетін туристер үшін эко-саябақтар негізгі көрнекті орындардың бірі болмақ.

댓글
기타 기사