Татарстан мектептерде ана тілін оқыту сағаттарын қысқартуға қарсы шықты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HmrtAe84nPvX3MUAtJQchpFDtgMEAx8q7fhkZPGH.webp

Татарстан мектептерінде ана тілін оқыту сағаттарын қысқартуды тоқтату керек. Бұл туралы Мәскеу мемлекеттік думасының депутаты Ильдар Гильмутдинов Қазанда өткен көптілді этномәдени білім берудің қазіргі тәжірибелері жөніндегі конференцияда мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ана тілін оқыту сағаттарының қысқартылуы мүлде қабылданбайды. Бірінші сыныпта оны бір сағатқа азайту туралы соңғы шешіммен келіспеймін. Неліктен дәл ана тілі? Бұл – ең маңызды пәндердің бірі ғой», – деді ол.

Гильмутдинов 2026 жыл Ресей халықтарының бірлігі жылы деп жарияланғанын және бұл шешімді сауалнамаға қатысқандардың 70 пайыздан астамы қолдағанын еске салды. Оның айтуынша, күрделі кезеңде көпұлтты халықтың бірлігі ерекше маңызды.

«Бір-бірімізді құрметтемей, өзге халықтардың мәдениетін, тілін және дәстүрін қолдамай өмір сүру мүмкін емес», – деді депутат.

Ол сондай-ақ федералды деңгейде Ресей халықтарының тілдері мен мәдениетін сақтауға қажетті тетіктердің қабылданғанын айтты. Бүгінгі басты міндет – сол шешімдерді білім беру, мәдениет, қоғам және отбасы салаларында жүзеге асыру. Гильмутдиновтың пікірінше, әсіресе, балабақшаларға ерекше көңіл бөлу қажет.

«Балалар бірнеше тілді қатар меңгере алады. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Бала қай елде тұрса да, өз ана тілін үйренуге мүмкіндігі болуы керек. Біз соны қамтамасыз етуіміз қажет», – деп түйіндеді депутат.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Ресейдің  оқу-ағарту министрлігі мектептерде ана тілін оқыту сағаттарын екі сағаттан бір сағатқа дейін, ал орыс тілінде оқытпайтын мектептерде үш сағаттан екі сағатқа дейін қысқартуды жоспарлаған болатын. Татарстан бұл шешімге қатты қарсылық білдірді. 2017 жылы Татарстан республикада ұлттық тілді оқыту міндетті болмайтынымен келіскен еді, алайда бұл жолы Мемлекеттік кеңес депутаттары «ана тілі» пәнін оқыту мәселесін қайта көтерді. Татарлар мен сахалар (якуттар) жасаған күш-жігердің нәтижесінде Федералдық ана тілдері институты мектеп пәнінің бұрынғы атауын сақтауға келісті.

댓글
기타 기사