Жетінші мәрте. “Сұңқардың” ұшуы тағы да кейінге қалды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cYdw7addVH1brc5lbECoPgTHX03oAfGzE5jRZ3gl.jpg

«Сұңқар» («Союз-5») зымыран-тасығышының алғашқы сынақтық ұшырылымы тағы да кейңнге қалды. Енді 26 сәуірге дейінгі уақытта жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

«Бұған дейін 13–16 сәуірге жоспарланған ұшырылымның резервтік күндерін 26 сәуірге дейін шегеру старттық кешеннің жабдықтары мен зымыран-тасығыш жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігіне байланысты. Қажетті тексерулер жүргізіліп, ескертулер жойылғаннан кейін, ұшырылым күні туралы шешімді Мемлекетаралық комиссия қабылдайды», — деп хабарлады ғарыш айлағындағы дереккөз.

Еске сала кетейік, бастапқыда «Сұңқар» зымыранын 27 наурызда ұшыру жоспарланған болатын. Алайда техникалық себептерге байланысты ұшыру күні резервтік күндерге ауыстырылды.

31 наурызда пайдалы жүктеменің макетімен бірге «Сұңқар» зымыраны №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусынан теміржол арқылы шығарылып, №45 алаңдағы ұшыру қондырғысына жеткізіліп, тік күйде орнатылды.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза отын компоненттерін пайдаланатын зымырандармен ғарышқа ұшыру жұмыстарын жүргізуге арналған жерүсті инфрақұрылымды құруды көздейді. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде іске қосылған.

Бастапқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған, ал оған арналған ұшыру кешенін №200 алаңдағы бұрынғы «Протон» зымыранының №40 ұшыру қондырғысының орнында салу көзделген еді.

Кейін Ресей жоспарын өзгертіп, құрылыс үшін №250 алаңдағы бұрын «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт орнын ұсынды. Алайда бұл жоба да жүзеге аспады.

Кейінірек «Зенит» зымырандарын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшыру кешенін қамтитын барлық жерүсті инфрақұрылым «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алу келісімінен шығарылып, Қазақстан тарапына — «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына берілді.

«Ангара» зымыранының орнына, оған арналған ұшыру кешенінің құрылысы басталмағандықтан, жаңа «Сұңқар» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» кешенінен қалған инфрақұрылымды белгілі бір жаңғыртулар арқылы пайдалануға мүмкіндік болды.

«Сұңқар» зымыран-тасығышы — орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі «РКЦ Прогресс» акционерлік қоғамында өндіріледі.

Техникалық сипаттамалары: зымыранның биіктігі — бас қаптамасына байланысты 58,8 м немесе 65,2 м; диаметрі — 4,1 м; ұшыру массасы — 526–531 тонна; төменгі Жер орбитасына шығаратын пайдалы жүк массасы — 17,4 тонна; геостационарлық орбитаға — 2,5 тонна.

Қолданылатын отын мен тотықтырғыш — экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.

Бұған дейін ресейлік БАҚ-тың зымыран атауына қатысты пікір жариялаған едік. Ал былтыр Байқоңырдағы Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны хабарланған болатын. 

댓글
기타 기사