Коллаж ЖИ көмегімен жасалды
Мажарстанда 1990 жылдан бері оныншы парламент сайлауы өтті. Биылғы саяси додада оппозиция тарапы жеңіске жетіп, билік ауысты.
Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан жексенбі күні өткен парламент сайлауында ресми түрде жеңілгенін мойындады. Ол оппозициялық «Тиса» партиясының жетекшісі Питер Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Виктор Орбан соңғы 16 жыл ішінде төрт мәрте премьер-министр болып, елде өзіндік саяси модель қалыптастырды. Оның басқару кезеңінде Мажарстан Еуропа Одағы елдерімен бірнеше рет келіспеушілік жағдайға түскен. Әсіресе, баспасөз бостандығы, миграция және Украинаға қатысты саясат жиі сынға ұшырады.
Мажар елінде өткен саяси сайлауға қатысты саясаттанушы, Қазақстанның Еуропадағы елшіліктерінде қызмет атқарған экс-дипломат Қазыбек Бейсебаев пікір білдірді.
- Елдегі саяси өзгеріс туралы не айта аласыз? Орбан дәуірі аяқталды ма?
- Шынымен, мұны бетбұрыс кезең деп айтуға болады. Себебі Виктор Орбан 1998 жылдан бері билікте болды. Ауысулар болғанымен, ұзақ уақыт билік басында отырды. Ал ұзақ отырған биліктен халық шаршайды – бұл тарихи тәжірибеде дәлелденген құбылыс. Сондықтан бұл жағдай белгілі бір сабақ. Орбан мен оның командасының дәуірі толық аяқталды деуге болмайды, бірақ олар жеңіліске ұшырады. Бұл билікте шектен тыс ұзақ отыруға болмайтынын көрсетеді. Әсіресе, мына біз сияқты мемлекеттерге бұл - сондай үлкен сабақ. Халық шаршады.
- Билік айырмашылығы неде?
- Орбанмен бірге бәсекеге түскен жас саясаткер Питер Мадьяр - оппозиция бағыттағы саясаткер. Екеуінің айырмашылығы – сыртқы саяси бағытта. Мадьяр Еуропа Одағына жақын болса, Орбан АҚШ пен Дональд Трампқа қарап тұрып еді.
Жалпы, бұл – Мажарстанның ішкі мәселесі. Саяси өзгерістердің негізгі айырмашылығы – сыртқы бағытта ғана. Орбанның Еуроодақпен қайшылығы энергетикалық мәселелермен де байланысты. «Достық» құбыры арқылы Ресейден келетін мұнайға тәуелділік бар. Осы факторға байланысты елдің сыртқы саясаты күрделене түседі. Мұнай тоқтап қалды. Оны Украина, не Ресей жарды ма, әлде басқа ма. Әйтеуір, Венгрияға баратын мұнай тоқтап қалды. Қысқасы, Украина басшылығы мұнайды жібермей, қысым жасап жатыр. Виктор Орбанның Ресеймен қатынасы жоқ, оған мұнай маңызды. Иранда болған оқиғаға байланысты да экономикаға қатты әсер етуде.
Жаңа билікке келген Мадьяр саясаты өзгереді деп те айта алмаймын. Өйткені, мұнай бәрін тоқтатты, баға көтеріліп жатыр. Питер Мадьяр Ресеймен ынтымақтастық болмаса да, оларға мұнай жағынан тәуелді екенін айтты. Демек, Мажарстанның Ресей саясаты өзгермейді.
- Питер Мадьярдың «біз елді азат еттік» деген пікіріне қатысты не айта аласыз?
- Жалпы, бұл өзгеріс - ең алдымен Мажарстан халқы үшін маңызды. Халық ұзақ уақыт бір биліктен шаршады. Халық биліктің ауысуына шаттанып, қазір көшеге шығып, қуанып жатқан шығар. Бірақ, ертең қымбатшылық пен әлеуметтік мәселелер күшейсе, жаңа үкімет оны қалай шешеді, беймәлім.
Қазақстан сияқты емес олар. Мұнай жоқ, сататын ештеңе жоқ, олар тек қана басқа мемлекеттерге, басқа елдерге тәуелді. Сондықтан елде ішкі өзгеріс қалай болады бәрі экономикаға байланысты. Қалай қымбатшылық бола ма, болмай ма...
- Тағы мынадай соңғы сұрақ, жаңадан сайланған, оппозицияның жетекшісі болған Питер Мадьяр енді мемлекет үшін уақытша тұлға ма, әлде бір ұзақ мерзімді саяси ойыншы ретінде қарастыруға бола ма? Оның алдағы саясатына байланысты Виктор Орбан сияқты ұзақ уақыт бойы билікте отыруға мүмкіндігі бар ма? Қалай ойлайсыз?
- Енді о жағын мен білмеймін, бәрі экономикалық ахуалға байланысты. Егер мысалы экономикалық ахуал жақсарса, онда ұзақ уақыт билікте отыруы да мүмкін. Бірақ біз енді өзіміз бәріміз куә болып отырмыз ғой әлемде не болып жатқанына. Қымбатшылық Иранға байланысты болып жатыр. Егер олар Ормұз бұғазын жауып қойса, енді шынымен бәрі қымбаттайды. Сондықтан Мажарстанда бәрі экономикаға келіп тіреледі.
- Сұхбатқа рақмет!
Сымбат Наухан
"Адырна" ұлттық порталы
