Адамзат ғарышқа алғаш қадам басқан күн

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZZIwjjYlcYFf51Z7Elz3e6IgXDaSjyMjZlT9GAj8.jpg

Фото: qazaly.kz

12 сәуір – адамзат тарихындағы ерекше күндердің бірі, Халықаралық ғарышкерлер күні. Бұл дата 1961 жылы ғарыш кеңістігін алғаш бағындырған оқиғамен тікелей байланысты. Дәл осы күні Юрий Гагарин Байқоңыр ғарыш айлағы аумағынан ұшырылған «Восток» кемесімен Жер орбитасына алғаш рет сапар шекті.

Ғарышкердің сапары 108 минутқа созылып, кеме Жерді бір айналып өтті. Ұшу кезінде «Восток» 302 шақырым биіктікке көтеріліп, кейін Саратов облысындағы Смеловка ауылы маңына сәтті қонды. Бұл тарихи оқиға адамзаттың ғасырлар бойғы арманы – ғарышты игеру жолындағы алғашқы нақты қадам болды.

Осы ерлігі үшін Гагаринге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның ұшуы ғылыми-техникалық прогрестің дамуына зор серпін беріп, спутниктік байланыс, интернет, метеорология және навигация сияқты салалардың дамуына негіз қалады.

Кейіннен, 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясы бұл күнді ресми түрде Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні ретінде бекітті.

Ғарыш саласының дамуы Қазақстанмен де тығыз байланысты. 1955 жылы Кеңес Одағы Байқоңыр ғарыш айлағын салу туралы шешім қабылдап, бұл нысан кейін әлемдегі ең ірі әрі маңызды ғарыш кешендерінің біріне айналды. Ал 1957 жылы алғашқы жасанды жер серігі – «Спутник-1» ұшырылып, ғарыш дәуірінің бастауы қаланды.

Қазақстан үшін ерекше мақтаныш – ұлттық ғарышкерлердің жетістігі. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер атанды. Ол «Союз ТМ-13» кемесімен ұшып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Кейін бұл жетістікті Талғат Мұсабаев жалғастырып, бірнеше рет ғарышқа ұшты және ашық ғарышқа шығу бойынша рекордтық көрсеткіштерге жетті. Ал тәуелсіз Қазақстан кезеңінде ғарышқа ұшқан тағы бір қазақ – Айдын Айымбетов болды.

Бүгінде 12 сәуір тек тарихи дата ғана емес, ғылым мен технологияның, батылдық пен ізденістің символына айналды. Бұл күн адамзаттың шексіз мүмкіндіктерін және ғарыш кеңістігін игерудегі ортақ жетістіктерін еске салады.

댓글
기타 기사