Журналист – қоғам айнасы. Нұржан Жалауқызымен сұхбат

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Vs56X3N1bUxHhAqHxmVTbIjEPCcY7BgrmbSFIHT7.jpg

– Нұржан Жалауқызы,  сіз Қазақ радиосының «Жастар мен балалар» редакциясына редактор болып қабылданып, телерадиокорпорацияның ең жоғарғы лауазымға дейін көтерілдіңіз. Алғашқы сұрағым: Журналист деген кім және бұл салаға қалай келдіңіз? Бір сұхбатыңызда «журналист мамандығы – қоғамның емшісі, дәрігері секілді» деп айтыпсыз. Осы ойыңызды кеңірек тарқатып берсеңіз.

– Иә, журналист «қоғамның дәрігері» деп өз сұхбаттарымның бірінде айтқаным рас. Мұндай түйінге адам бірден келе қоймайды. Ол – өмірлік тәжірибенің, көрген-білгеннің, ішкі толғаныстың нәтижесі. Уақыт өте келе ой жетелеп, сана саралайды. Сол кезде ғана мамандықтың шынайы болмысы айқындала түседі.

Шын мәнінде, журналисті дәрігерге теңеуге толық негіз бар. Дегенмен, мен ең алдымен журналист мамандығын қоғамның шырақшысы дер едім. Ол – қоғамның айнасы. «Журналистика – биліктің төртінші тармағы» деген ұғымның жайдан-жай айтылмағаны да сондықтан. Себебі журналистика мен бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Бұл миссияны ол бағзы замандардан бері атқарып келеді және бүгін де сол жауапты қызметінен жаңылған жоқ.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің ықпалы артып, кез келген адамның өз пікірін ашық білдіруге мүмкіндігі бар заманда қоғамдық пікір бұрынғыдан да салмақты күшке айналып отыр. Қоғамдық ой енді тек естілетін ғана емес, билік құлақ асатын, назар аударатын қуатты тетікке айнала бастады. Осындай жағдайда журналистиканың маңызы кемімек емес, керісінше, өз салмағын сақтай отырып, әрдайым күшінде болады деп ойлаймын.

Журналистика – бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Ол қоғамда болып жатқан кез келген құбылысқа бейжай қарамайтын, әрмәселеге жанашырлықпен қарайтын, ең бастысы, мемлекетшілдік тұрғыдан ой түйіндей алатын азаматтардың кәсіби жолы. Егер осы ұстаныммен қызмет етсе, журналистика әрқашан ұтады деп сенемін.

Нұржан Жалауқызы, үйдегі «бес сомдық» радио бала кезімізде үнемі қосылып тұратын. Ерден атайдың ертегілерін тыңдап, Жұмбақбай атайдың жасырған жұмбақтарын шешіп, хат жазушы едік. Сіздер ше?

– Иә, ол кезеңді өзіңіз де жақсы білесіз. Ол уақытта жалғыз ғана Қазақ радиосы болатын. Оның өзі қабырғаға ілініп тұратын шағын радиоқабылдағыш – радионүкте еді. Ал «Шалқар»радиосын ата-аналарымыз толқынды радиолар арқылы қысқа толқында тыңдайтын. Радиотолқынды шағын транзисторлар болатын, сыртта жүргенде механизаторлар жүгері алқабында жұмыс істеп жүріп, қалталарына салып алатын. Шопандарымыз қой бағып жүріп, жандарынан тастамай «Шалқардың» қысқа толқындағы хабарларын тыңдайтын.

Ал ұзын толқында хабар тарататын Қазақ радиосы негізінен стационарлы үйлерде ғана болатын. Мен сол бес сом тұратын стационарлы радионы құлағыма жастап алып, оның хабарларын тыңдап өстім. Ол кезде «Балалар мен жастар редакциясы» жұмыс істейтін. Сол редакцияның жоғары сынып оқушыларына арналған «Өрендер» радиожурналы бар еді. Мен алтыншы сыныптан бастап сол бағдарламаға хат жаздым. Мектептегі, ауылдағы түрлі оқиғаларды қағазға түсіріп жіберіп отырдым.

Әлі күнге дейін есімде, Қазан революциясының мерейтойына арналған «Сенің замандасың» атты үлкен радиобайқау өтті. Бұл – балаларға арналған бағдарлама болатын. Сол байқауға «ол да менің замандасым ғой» деп, ауылымыздағы егде жастағы шопанның өмірбаяны жайлы әсерлі материал жаздым. Ол материал «Өрендер» радиожурналы арқылы эфирде оқылды. Менің аты-жөнім аталғанда, «Нұржан Сұраншиева, 6-сынып оқушысы» деген сөзді естіген сәтте, төбем көкке жеткендей қуандым. Ата-аналарымыз да мәз болды, сыныптастарымның алдында абыройым асып, мектепте марапаттарға ие болдым. Біз бәріміз осы жолдан бастадық.

– Яғни, бала күнгі арманыңызды бүгін жүзеге асырып отырсыз ғой?

– Иә, ең алдымен сол. Бірақ бәрі сонымен тоқтап қалған жоқ. Радионы тыңдап өсе жүріп, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетіне оқуға түстім. Сол кезде радио мен «Қазақстан пионері» газеті арқылы бұрыннан танып-білген Гүлжамал Құстанова, Айгүл Қасенова, Орынбасар Әлжіков, Нұрғали Ораз сынды әріптестеріммен бір ортаға түстім. Оларды студент болмай тұрып-ақ радио мен газеттен танитынмын.

Мен Журналистика факультетіне оқуға қабылданған тұста радиожурналистика кафедрасы жаңадан ашылды. Бұл кафедра радиожурналистика саласы бойынша тұңғыш диссертация қорғаған профессорымыз, құрметті ұстазымыз Намазалы Омашевтың жетекшілігімен құрылды. Кейіннен Марат Барманқұлов бастаған бір топ ұстаздың бастамасымен радио және телевизия кафедрасы ашылды. Өзім сол кафедрада шыңдалып, тәрбиеленіп, журналистиканың алғашқы қыр-сырын қолмен ұстап, көзбен көріп үйрендім. Репортердің кім екенін, журналистің жауапкершілігі қандай болатынын сол кезеңде шынайы таныдық.

Студент бола жүріп, Қазақ радиосының«Жастар және балалар редакциясында» «Өрендер», «Пионер серігі» атты радиожурналдарға мақала мен репортаждар дайындадық. Кейін жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасына материалдар әзірледік. «Ұшқынның» аясында айына бір рет эфирге шығатын «Гүлдәурен» атты студент жастар радиожурналы болатын. Студент болсақ та, бәріміз бірігіп, сол бағдарламаларды дайындауға атсалыстық.

Менің радиоға деген махаббатым бала кездегі арманнан бастау алады. 1982 жылы университетті бітірдім. Бір жылдай университеттің көп тиражды «Қазақ университеті» газетінде еңбек етіп, кейін Қазақ радиосында штаттық орын босай қалғанда, редактор ретінде қызметке қабылдандым. Ол кезде «Жастар мен балалар хабарлары бас редакциясының» бас редакторы, ардагер журналист, үлкен ұстазымыз Қасымхан Ерсарин болатын.

Сол кісі мені Алматыдағы Желтоқсан көшесі, 175-үйде орналасқан ғимараттың төртінші қабатындағы Хамит Хасеновтың кабинетіне ертіп апарып: «Біз осы қызды «Жастар мен балалар редакциясына» редактор ретінде алғалы отырмыз. Осы сәрсенбі күні «Өрендерден» керемет бір сұхбаты кетіп бара жатыр, тыңдаңызшы», – деп таныстырды. Сонда Хамит Хасенов: «Сіз айтып тұрсаңыз, Қасеке, мен сенемін. Бұл қызыңыздан жақсы журналист шығар. Алыңыз, қарсы емеспін», – деп келісімін берді. Содан кейін мені үшінші қабатқа алып келіп, үстелім мен орындығымды көрсетті. Осылайша менің радиодағы қызмет жолым басталды.

Алдымен редактор болып кіріп, кейін бөлім меңгерушісі қызметіне көтерілдім. 1985 жылы қайта құру мен жариялылық кезеңі басталды. Сол кезеңнің ықпалымен 1988 жылы бізді партия мектебіне оқуға жіберді. Қазақ радиосынан мен, ал телевизиядан тағы екі әріптес – Олег Гадциев пен Серік Байхонов бардық. Бізді Орталық комитеттің идеология бөлімі жолдамамен оқуға аттандырды.

Сол 80 жылдар ішінде талай оқиғаны бастан өткердік, түрлі сатылардан өттік. Елді ғана емес, тұтас Кеңес Одағын дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісінің де басы-қасында болдық. Ол кезде мен радиода қызмет еттім. Сол жерде жүріп сұқбаттар алдық, алаңда өзіміз де тұрдық. Мұны жасырмаймыз.

Журналист ретінде ғой?

– Журналист ретінде де, азамат ретінде де. Тіпті, сол күндері көбірек азамат ретінде барған сияқтымыз. Журналистік тұрғыдан алғанда, сол күні еліміздегі достық, бір-бірін түсіну, өзара сыйластық туралы материал дайындағаным есімде.

Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырып, түсірілген суреттерді көрсетті. «Мыналардың арасынан кімдерді танисыңдар?» – деп, жауапқа алған кездері болды. Суреттерді қарап отырып, радиода істейтін бір қызметкеріміздің қызын көріп қалдым. Көзімді аялдатпай, «жоқ, білмеймін» деп өте шықтым. Бірақ ішім алай-дүлей болып, қатты қобалжыдым. Ол жерден шыққан соң есеңгіреп, өз орныма әрең жеттім.

Ол қызды танығанымды ешкімге айтпадым. Кейіннен барып әлгі апайдың өзіне ғана: «Апай, қызыңыздың фотосын көрдім, байқасыншы», – деп ескерттім. Апайдың өзі де абдырап: «Ол неге олай істеген?» – деп, есеңгіреп қалды. Ал мен іштей түсіндім: ол – жас қыз, аузы аңқиып, трибунаның түбінде тұрған еді. Мұндай оқиғалардың болғаны жасырын емес.

1985 жылы қайта құру мен жариялылық кезеңімен келген үлкен леп, ұлттық сана-сезімнің оянуын ешқандай қарумен де, бұйрықпен де, түрлі тыйымдармен де тоқтату мүмкін емес еді. Өйткені бұл құбылыс тек біздің елімізде ғана емес, Кеңес Одағының құрамында болған барлық республикаларда ұлттық сананың оянуымен қатар жүрді. Ол – сол заманның заңды көрінісі болатын. Сондықтан оны тоқтату мүмкін емес еді.

Осы тұрғыдан қарасақ, біз Қазақ радиосына келген кезде бірде-бір материал, бірде-бір хабар Орталық Коммунистік партия басшыларының сөзінен алынған цитатасыз басталмайтын. Ал біз редакцияға келгеннен кейін сол қалыптасқан сеңді бұздық. Бұл істің басында әріптесім Иманбай Жұбай да тұрды. Қазір ол ҚазҰУ-де жас журналистерге дәріс беріп жүр.

Қасымхан ағаның бізге көрсеткен сенімі мен еркіндігімізді дұрыс арнаға бағыттағанына үнемі іштей алғыс айтамын. Мұны өзіне де талай айтқанбыз. Ол кісі бізді қолымыздан қаққан жоқ. Керісінше, жол ашты. Біз өз материалымызды өзіміз эфирде оқитын деңгейге жеттік. Ал оған дейін барлық мәтінді тек диктор оқитын. Біз радиотыңдарманмен тікелей микрофон алдында сөйлесу мүмкіндігіне ие болдық.

Солайша 1986 жылы, 5 мамыр күні Иманбай екеуміз Қазақ радиосында тұңғыш рет республикада өткен мұғалімдердің съезінен тікелей эфир жүргіздік. Бұған дейін мұндай тәжірибе болмаған. Себебі, кез-келген материал міндетті түрде «лито» деп аталатын сүзгіден өтетін. Айтатын әр сөз, әр сөйлем алдын-ала нақтыланып, «артық ауыз сөз кетпеуі керек» деген қатаң талап болатын. Ал біз сол жолы үлкен жауапкершілікті өз мойнымызға алып, тікелей эфирге шықтық.

1990 жылы Сағат Әшімбаев ағамыз «қазір жастардың жұмыс істейтін уақыты» деп, мені қызметке шақырып, «Шалқар» радиосы бас редакторының орынбасары қызметіне тағайындады.

Кейін 1991 жылы Тәуелсіздігімізді алған соң, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен қазақтар жиналып, алғашқы Құрылтай өтті ғой. Сол тарихи жиыннан да тікелей эфир жүргіздік. Мұның барлығы – еркіндіктің, сөз бостандығының, журналистикаға деген үлкен сенімнің қалыптаса бастаған кезеңі еді.

Бұл жылдар – қазақ радиожурналистикасының тарихында алтын әріптермен жазылатын кезеңдер. Ертеңгі күні зерттеушілер мен тарихшылар бұл үдерістерге үңіліп, жазатын болса, сол бетбұрыс дәл осы кезеңнен басталғанын анық көреді.

90 жылдармен салыстырып айтқанда, бұрынғы және қазіргі «Шалқарда» қандай айырмашылықтар болды?

– Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосын бір қолшатырдың астындағы қос арна деуге болады. Дегенмен әрқайсысының өзіндік бағдарламалық бағыты, редакциялық саясаты қалыптасқан. Қазақ радиосы қазақ және орыс тілдерінде хабар таратса, «Шалқар» радиосы тек қазақ тілінде сөйлейтін арна болды. Ол – қазақ тілді тыңдарманға арналған, әрі тек Қазақстан аумағымен шектелмей, қысқатолқынды хабарлар арқылы шекаралас елдерге де жеткен радио.

«Шалқарды» Моңғолиядан бастап, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өңіріндегі қандастарымыз, сондай-ақ Ресейдің Қазақстанға шекаралас аймақтарындағы ағайындар тыңдап отырды. Сол арқылы олар Қазақстандағы жаңалықтардан хабардар болып отырды. Біз «Шалқар» радиосы арқылы әр сағат сайын ақпараттық жаңалықтарды беріп отырдық. Бұған қоса, таңғы уақыттан түске дейін күн сайын төрт сағат көлемінде ақпараттық-сазды бағдарламалар эфирге шығатын.

Сол кезеңде көптеген хабарларды тікелей эфирде жүргізе бастадық. Ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға, «Алтын қордан» алынған інжу-маржандарды, радиоспектакльдерді тыңдарманға ұсынуға басымдық бердік. Мұның барлығы негізінен «Шалқар» радиосының эфирі арқылы тарады.

Гүлбану, өзіңіз де ұмытып кеткен шығарсыз, «Шалқар» радиосы арқылы кезінде, нақты айтсақ, 2012-2013 жылдары сіз «Денсаулық» және «Адам құқы» атты бағдарламаларды жүргіздіңіз. Тұрақты тыңдармандардың жадында қалған шығар деп ойлаймын. Бағдарламаларды сәтті жүргізгеніңіздің арқасында «Сорос-Қазақстан» қорының грантын жеңіп алдыңыз, талай алғысхаттарға ие болдыңыз. Сондықтан мен «Шалқар» радиосының тыңдарманға шын мәнінде қажет, өмірлік маңызы бар ақпараттарды көтеруі аса маңызды деп есептеймін. Бұл бағыттан таймауымыз керек.

«Шалқар» радиосы ұлт әдебиетінің інжу-маржандарын кеңінен насихаттаған арна ретінде де есте қалды. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын біз алғаш рет радиода аудиотаспа ретінде ұсындық. Бұл шығарманы белгілі диктор Аманжан Еңсебайұлы оқып, эфирден берілді. Кейін сол нұсқаны радиотыңдарманға қолжетімді болу үшін аудионұсқа ретінде қайта тараттық. Бұл – өз алдына бір үлкен тарих.

Сол сияқты Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын қазақ тілінде «Шалқар»радиосынан, орыс тілінде Қазақ радиосынан және Ресейдің «Маяк» радиосы арқылы жарияладық. Оны сол кездегі Кеңес Одағының халық әртісі В. Лановойдың оқуында тыңдарманға ұсындық.

Бүгінде дәл осындай бағыттағы бағдарламалар «Шалқар» радиосының эфирінде жүріп жатыр. Халқымыздың руханиятына қызмет ететін, ұлттық өнері мен әдебиетін насихаттайтын хабарларды біз әлі де көбейтуіміз керек. Сонда ғана әлеуметтік желіге телміріп отырған жастарға құнды, сапалы дүниелер қалдыра аламыз деп ойлаймын.

Ұлт мүддесі мен елдік идеологияның жаршысына айналып отырған радиоарналардың бүгінгі жағдайына тоқталып өтсеңіз.

– Бүгінгі таңда радиода мүмкіндіктер өте үлкен. Мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясында Басқарма төрағасы болып қызмет еткен кезеңде, нақты айтсақ, 2011-2012 жылдары әлеуметтік желілер енді ғана дами бастаған еді. Соның өзінде біз оның мүмкіндіктерін пайдалану керек деп шештік. Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының қызметкерлеріне тек радиотолқынмен ғана шектелмей, дайындалған хабарларды Интернет кеңістігіне жүктеу жөнінде нақты тапсырмалар бердік.

Соның нәтижесінде 2013 жылдың ақпан айында «Шалқар» радиосының алғашқы видеоконтенті жарық көрді. Ол тек радиостудия аясында қалмай, подкаст форматына ұқсас түрде көрерменге жол тартты. Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. «Шалқар» радиосының мүмкіндігі бұрынғыдан да кеңейе түсті деп есептеймін.

Бүгінде ойды тек радиотолқын арқылы ғана емес, видео форматта да жеткізуге болады. Ол материалдар ертең YouTube пен өзге де платформаларға жүктеліп, өз көрермені мен тыңдарманын табуға мүмкіндік алады. Сондықтан менің ойым – шаршамау керек, тоқтап қалмау керек. Бар мүмкіндікті барынша пайдаланып, заман талабына сай жұмыс істеуге ұмтылу қажет.

– «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына орай «Толқындағы дәурен» деген атаумен арнайы хабар дайындап жатырмыз. Осы оқиғаға орай айтарыңыз бар ма?

«Шалқар» радиосы қазақ әлемінің, өнерінің, мәдениетінің, әдебиетінің үнжариясы болған ерекше толқын. Ол Қазақ радиосының жылнамасы іспеттес. Бұрын бұл бөлім «Қазақ радиосының «Шалқар» редакциясы» деп аталатын, қазір жеке отау тігіп, «Шалқар» радиосы атанды. Сондықтан «Шалқар» радиосы біздің алтын қорымыз. Мысалы, қазір Жамал Омарова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаевтың дауыстарын осы «Алтын қордан» табуға болады. Ұмытылмас дауыстар, әр қазақтың көкірегінде жатталған оқиғалар бәрі осы «Шалқар» радиосында сақталған. Кезінде Мұқағали Мақатаев та, Мұхтар Шаханов та «Шалқар» радиосында өз өлеңдерін оқыған таспалары әлі күнге дейін бар. Сондықтан «Шалқар» радиосы тек қазақ тілді тыңдармандар үшін ғана емес, қазақ тілін үйренгісі келетін, құрметпен қарайтын бүкіл дүниежүзіндегі радиотыңдармандарға хабар тарататын бірегей радио деп білемін.

«Шалқар» радиосының құшағы әрқашан кең болсын, әрдайым жақсы хабарларымен тыңдармандарын қуантсын. Өсіп келе жатқан жас ұрпақты әлеуметтік желідегі жылт еткен жаңалыққа емес, өмірлік азық, әдеби құндылықтарға баулитын радио болып ары қарай дамысын. Шығармашылық табыс пен ізденіс тілеймін сіздерге! «Шалқардың» 60 жылдығы құтты болсын!

Рахмет, әңгімеңізге!

Сұхбаттасқан

«Шалқар» радиосындағы

«Толқындағы дәурен» хабарының

редакторы Гүлбану Алпамысқызы.

2026 ж.

 

댓글
기타 기사