Астанада бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасы өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1fSgICgLF4X5yFTaklwmFR5rBQabCguX34L9wTcK.jpg

Астана қаласында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті. Бұл білім додасы 26–27 наурыз күндері елордадағы №115 мектеп базасында өтті.  

Олимпиаданы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі бірлесіп ұйымдастырды. Жобаның басты мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдау, педагог мәртебесін көтеру және білім сапасын дамыту.

Байқаудың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. 2024–2025 оқу жылы олимпиадаға шамамен 12 мың мұғалім қатысса, биыл 2025–2026 оқу жылында қатысушылар саны 19 мыңнан асып түсті. Іріктеу нәтижесінде Қазақстанның 20 өңірінен келген ең үздік 161 мұғалім республикалық финалда бас қосты. 

Олимпиада тапсырмалары бастауыш сынып бағдарламасына негізделген логикалық және авторлық есептерден тұрды. Қатысушыларға тапсырмаларды орындау үшін 120 минут уақыт берілді. Негізгі сайыс 26 наурызда өтіп, мұғалімдер жеке және командалық кезеңдерде білімдері мен тәжірибесін сынады, есептерді талдады.

«Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің негізін қалаушы Мәуіт Ырысбек Мәуітұлы бастауыш білімнің маңызын ерекше атап өтті:

«Білімнің негізі бастауышта. Баланың тұлға ретінде қалыптасатын кезеңі – бастауыш сынып. Сондықтан бастауыш мұғалімдерінің еңбегі әрдайым маңызды әрі алдыңғы орында. Біз осы олимпиаданы ұстаздарға құрмет көрсету және олардың кәсіби дамуына қолдау білдіру мақсатында өткізіп келеміз», – деді ол.


27 наурыз күні №115 мектепте өткен салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар анықталып, үздік шыққан педагогтарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйақылар табыс етілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрады. 

Абсолюттік І орын екі қатысушыға бұйырды. 100 мүмкін ұпайдың 84 ұпайын жинаған:

  • Батыс Қазақстан облысынан Абуева Галия Еркингалиевна,

  • Жамбыл облысынан Байтилеуова Жанар Лесбаевна жеңімпаз атанды.

Командалық жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Ақтөбе облысы иеленді.

Республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасы бастауыш мұғалімдерінің  жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылысын жетілдіруге, шығармашылық әлеуеті мен педагогикалық шеберлігін дамытуға және мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.

댓글
기타 기사