Мемлекеттік бағдарламалар. Сәтті басталып, сәтсіз аяқталған жобалар

206
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YEQfcJIRoovXG5KWVQ7tWJNQqWJS4zjUr58JS0ol.jpg

Халықты әлеуметтік қолдау бағытында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар көп. Сәтті басталған мұндай жобалардың соңы сиырқұйымшақтанып, су аяғы құрдымға кетіп жататын кездері аз емес. Мемлекет ұсынған жеңілдіктерді өз пайдасына жаратып, соңы жемқорлыққа ұласып, шулы оқиғаларға да жол беріліп жатады. Билік пен бұқара арасындағы саңылауға кім кінәлі? Сарапшылар не дейді?

«Әлеуметтік қолдау» деген ұстаныммен бастау алған жобалардың барлығы бірдей көздеген мақсатына жетіп жатқан жоқ. Бұл бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуынан ғана емес, кей жағдайда қоғамның дайын еместігінен де туындайтын сияқты. Соңғы жылдары ел ішінде ерекше талқыланған екі бағдарлама «Декретке миллионмен» және «Дипломмен ауылға» осының айқын мысалы.

Қазіргі таңда, елімізде декреттік төлемдерге қатысты 113 адамға қарсы 16 қылмыстық істергеліп жатыр. Олардың әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян көлемі 158,4 миллион теңге деп бағаланған. Ал шамамен 1,5 мың әйел өз еркімен табысын қолдан көбейткенін мойындаған.

 

МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖОСПАРЫ КІМНІҢ МҮМКІНДІГІ?

Сәтті басталып, сәтсіз аяқталып жатқан жобалар қазіргі қоғамның әлсіз тұсын көрсетіп бергендей. Бұл жайлы экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев былай деп пікір білдірді:

«Бұл мәселенің тамыры терең. Халық пен билік екі түрлі әлемде өмір сүреді десе де болады. Құқық қорғау органдарында, жалпы билікте болып жатқан жемқорлық жайлы барлығы біледі. Халық та куә. Олар миллиардтаған сумманы жымқырып өнеге беріп отырғанда, халықтың алған бес-он тиынына ешкім ренжи алмайды»,- дейді ол.

Экономистің айтуынша, мемлекет үшін бұл тек жоспардың орындалуы. Ал қоғам үшін шынайы өмір, кредит, күнкөріс. Көп жағдайда қағазда қабылданған шешім мен ауылдағы шынайы жағдайдың арасы алшақ болып жатады. Бірі жобаны жоспар ретінде қабылдаса, екіншісі соңғы мүмкіндік ретінде көреді. Бұл саңылау жылдан-жылға ұлғаюда. Ал ол кез келген жақсы бастаманың түпкі нәтижесін әлсіретеді. 

БОЛЖАНБАҒАН САЛДАР

Көптеген әлеуметтік бағдарламалардың тағы бір ортақ кемшілігі жүйенің алдын ала дайын болмауы. Көбіне жоба іске қосылған соң барып,оның кем тұстары шығып жатады. Ал оның салдары екі тарапқа да әсер етеді.

Осындай жағдайдың бірі, «Декретке миллионмен» жобасына қатысқан А есімді (аты-жөнін жарияламауды сұрады)  ханымның басынан өткен. Ол жалған деректермен әлеуметтік көмекті еселеп алам деп өзі де алаяқтардың құрбанына айналған.

«Жүкті екенімді білген соң, осы бағдарлама жайлы естіп, қатысып көруді ойладым. Әлеуметтік желіде жалақы көлемін жалған ИП-мен көбейтетін бухгалтермен келісіп 700 мың теңге төледім. Қазір балам 1 жас 7 айға толды. Миллиондаған декреттік төлемді емес, тіпті, өз ақшамды әлі ала аламадым», - дейді ол.

Ал осыған дейін, «Дипломмен ауылға» жобасы жайлы да бірнеше заң бұзушылық тіркелген болатын. Бұл жоба 2009 жылы іске қосылып, ауылдық жерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен кредиттер мен өтеусіз жәрдемақылар ұсынылды.Прокурорлардың айтуы бойынша, бұл істе де алаяқтықпен ұсталғандар жетерлік екен.

«Мәселен, 2021жылы К. есімді азамат жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Ал 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан. Осылайша, жеңілдікпен 4,9 млн теңге алды. Бір жылда тура сондай схемамен 12 "маман" ақша алып үлгерді. Залалдын жалпы соммасы 30 млн теңгеден асты», - дейді.

Әлеуметтік қолдау бағдарламалары қоғам үшін қашан да өзекті. Алайда, қазіргі ондағы олқылықтар мен алаяқтық әрекеттер жалпы түсініктің бұзылуына әкеп соқтыруда. Өкінішке қарай бұл екі бағдарлама ғана емес, мемлекет тарапынан қолға алынған басқа да бастамалардың соңы осылай пайдакүнемдік құрбаны болып кетіпжатыр. Мәселен, зейнетақы қорындағы қаражатты шығарып алу үшін қоғам тағы да түрлі айла-шарғыларға барып, соңында мемлекет амалсыздан қатаңдату шараларын енгізуге мәжбүр болғаны жасырын емес

Жансая Нұрымханова

 

댓글
기타 기사