Жапаров Конституциялық соттан президент сайлауы мерзіміне түсіндірме сұрады

509
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FYLxlF7bX9eJj1RD4oaR3dMOqPDJO3Y5F8aUPoMQ.webp

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Конституциялық сотқа мемлекет басшысын кезекті және мерзімінен бұрын сайлау тәртібі мен мерзімдеріне қатысты Конституцияның бірқатар баптарына ресми түсіндірме беру туралы өтініш жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Fergana News-ке сілтеме жасап.

Айтылғандай, мұндай түсіндіру қажеттілігі сарапшылар ортасында және қоғамдағы талқылауларда қолданыстағы нормалардың әртүрлі түсіндірілуіне байланысты туындаған. Соның салдарынан президент өкілеттігінің мерзіміне қатысты қарама-қайшы пікірлер пайда болған.

Өтініште 2021 жылғы 11 сәуірде өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияның кейбір ережелері президенттік мерзімнің басталуы мен ұзақтығын әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік беретіні атап өтіледі. Бұл өз кезегінде құқықтық белгісіздік туғызып, мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс істеуіне әсер етуі мүмкін. Аталған мәселе конституциялық құрылымның негіздеріне, халық билігі қағидатына, негізгі заңның үстемдігіне, сондай-ақ азаматтардың сайлау құқықтарына тікелей қатысты.

Жапаровтың айтуынша, келіспеушіліктер сақталса, құқықтық мәселе саяси деңгейге ауысып, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретуі және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтуі ықтимал. Сондықтан ол Конституциялық соттан ресми түсіндірме беруді сұрап, конституциялық дағдарыс қаупін болдырмауды мақсат еткен.

Конституциялық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, президенттің өтініші жедел тәртіпте қаралады. Конституциялық соттың отырысы 17 ақпанға белгіленген.

Бұл өтініш Жапаровқа және парламент спикеріне жолданған хат жарияланғаннан кейін екі күн өткен соң жіберілген. Аталған хатта мемлекет басшысының жаңа сайлауын шұғыл түрде бастау туралы ұсыныс айтылған. Хатқа 75 адам, оның ішінде бұрынғы премьер-министрлер, ғалымдар, экс-депутаттар мен қоғам қайраткерлері қол қойған. Олар 2021 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін бұрынғы ережелер бойынша сайланған қазіргі президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты құқықтық белгісіздік пайда болды деп есептейді. Айтуларынша, мерзімінен бұрын сайлау өткізу даулар мен екіұшты түсіндірулердің алдын алар еді.

댓글
기타 기사