«Демократия қараңғылықта өледі». Washington Post ауқымды қысқартулар жүргізбек

478
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3FbTAcWacIWne71rs9sNTaSDElcdNhcWzHV4fdzK.webp

Америкалық Washington Post газеті сәрсенбі күні бірнеше бөлім қызметкерлерін қамтитын ауқымды қысқартулар болатынын мәлімдеді. Ең көп қысқарту спорт және жергілікті жаңалықтар бөлімдеріне, сондай-ақ халықаралық тілшілер желісіне қатысты болады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Washington Post — АҚШ-тағы бұрыннан келе жатқан жетекші басылымдардың бірі. 2013 жылы газетті Amazon компаниясының негізін қалаушы миллиардер Джефф Безос сатып алған. 2017 жылы Дональд Трамптың президенттік кезеңі басталған кезде басылым Democracy Dies in Darkness («Демократия қараңғылықта өледі») деген ұранмен жарық көре бастады.

Газеттің атқарушы редакторы Мэтт Маррейдің айтуынша, бұл қысқартулар басылымның тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

«Бұл — қиын шешім. Егер біз тек аман қалуды емес, дамуды қаласақ, журналистикамызды және бизнес моделімізді жаңаша қалыптастырып, жаңа мақсаттар қоюымыз қажет»,-деп

Алайда басылым қызметкерлері мен кейбір экс-басшылар бұл қадамды қатаң сынға алды.

2021 жылға дейін бас редактор қызметін атқарған Марти Барон бұл жағдайды «әлемдегі ең ұлы жаңалық ұйымдарының бірі тарихындағы ең қаралы күндердің бірі» деп атады.

Қысқартулардың себебін түсіндіре отырып Маррей соңғы үш жылда жасанды интеллекттің қарқынды дамуы аясында басылымның интернеттегі трафигі күрт төмендегенін айтты.

«Біз жиі бір ғана көзқараспен — аудиторияның бір ғана бөлігі үшін жазамыз», — деп қосты ол.

Оның айтуынша, бұдан былай Washington Post басылымы саясат, ұлттық қауіпсіздік, журналистік зерттеулер, сондай-ақ денсаулық пен әл-ауқатқа қатысты тақырыптарды жариялауға басымдық береді.

Қысқартылатын қызметкерлер саны ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда New York Times басылымының екі дереккөзіне сүйенсек, Washington Post коммерциялық бөлімдерді қоса алғанда штаттың шамамен 30 пайызымен қоштасады. NYT мәліметінше, шамамен 800 журналистің 300-ден астамы жұмыстан кетеді.

Еске салайық, газет 2024 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында ешбір кандидатқа қолдау білдірмейтінін жариялағаннан кейін ондаған мың жазылушысынан айырылды. Бұл шешімді басылым иесі Джефф Безос қабылдаған.

댓글
기타 기사