Қазақстандық әуе компанияларына Иран арқылы ұшуға тыйым салынды

176
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dNY5hQwNfFJQXhoyKECHsCw3AMEgZuw1dBpf01Aq.webp

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қазақстандық әуе компанияларына Иран аумағының үстімен, сондай-ақ оның әуе кеңістігіне жақын аймақтар арқылы рейстер орындауға уақытша тыйым енгізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шешім өңірдегі ұшу қауіпсіздігіне төнген қатердің артуына байланысты қабылданған. Әкімшілік мәліметінше, қабылданған шаралар алдын алу сипатында және жолаушылар мен әуе кемелері экипажының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі таңда қазақстандық әуе компаниялардың барлық рейстері ықтимал қауіпті аймақтарды айналып өту арқылы жүзеге асырылып жатыр.

«Жағдай Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауында. Қауіп деңгейінің өзгеруіне қарай қосымша шешімдер қабылданады», — делінген ресми хабарламада.

Тиісті бұйрық әкімшіліктің ресми сайтында жарияланған. Шектеу мерзімі нақты белгіленбеген және арнайы шешім шыққанға дейін күшінде болады.

Бұған дейін Иран билігі елдің әуе кеңістігінде төмен биіктікте орындалатын барлық ұшуларға үш ай мерзімге тыйым салған. Бұл туралы халықаралық NOTAM хабарламасында айтылған.

Құжатқа сәйкес, елде визуалды ұшу ережелері (VFR) бойынша орындалатын барлық рейстер тоқтатылған. 

Сонымен қатар, Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі авиакомпанияларға Иранның әуе кеңістігін барлық биіктіктерде пайдаланбауға кеңес берді. Агенттік мәліметінше, АҚШ тарапынан ықтимал әскери әрекеттер қаупіне байланысты Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жоғары дайындық режиміне көшкен.

댓글
기타 기사