15 жылдан соң. Жапонияда әлемдегі ең ірі АЭС іске қосылып, бірнеше сағаттан соң тоқтатылды

403
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KAkX9vm3Oe2Y7PyPtI0rjXmuHBCr8hSTT35Wsqtr.webp

Жапония 15 жылдан кейін әлемдегі ең қуатты «Касивадзаки–Карива» атом электр станциясының жұмысын қайта жандандырды. Алайда бірнеше сағаттан кейін оның жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Tokyo Electric Power Co. Holdings компаниясының АЭС жұмысын ішінара қайта бастау туралы шешім жергілікті тұрғындардың қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығына қарамастан қабылданған.

2025 жылдың желтоқсанында Ниигата префектурасының билігі №6 және №7 реакторларды қайта іске қосуға келісім берген. Соның ішінде №6 реактор 20 қаңтарда іске қосылған. Алайда іске қосу рәсімі кезінде дабыл сигналы беріліп, бірнеше сағаттан кейін оның жұмысы уақытша тоқтатылған. TEPCO өкілдері реактордың тұрақты күйде екенін және қоршаған ортаға ешқандай радиоактивті әсер болмағанын мәлімдеді. Алайда оның қашан қайта іске қосылатыны әзірге хабарланған жоқ.

Реактордың қуаты – шамамен 1,35 ГВт. TEPCO компаниясы бір апта ішінде оның мүмкін қуатының шамамен жартысына жетуді жоспарлаған, кейін толық қуатта жұмыс істеуі үшін инспекция жүргізу мақсатында реакторды уақытша тоқтату көзделген. Компания реакторды коммерциялық пайдалануға 2026 жылдың ақпанында беруді жоспарлап отыр.

Ал №7 реакторды іске қосу 2030 жылға қарай ғана мүмкін болуы ықтимал, себебі оның аумағында нормативтік талаптарға сай қорғаныс нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ал АЭС-тегі қалған бес энергоблокты мүлде пайдаланудан шығару жоспарлануы мүмкін.

Айта кетейік, «Касивадзаки–Карива» АЭС-і Жапон теңізінің жағалауында орналасқан. Жеті реакторының жалпы қуаты 8,2 мың МВт-тан асатын бұл станция әлемде бірінші орында тұр. Жапония үкіметі жаңа АЭС салудан бас тартуды көздейтін бұрынғы саясатын қайта қарап, 2011 жылы «Фукусима-1» станциясындағы апаттан кейін тоқтатылған реакторларды қайта іске қосу жұмыстарын жандандыру туралы шешім қабылдаған. Бұл тізімге «Касивадзаки–Карива» АЭС-інің алтыншы және жетінші энергоблоктары да енгізілген.

 

댓글
기타 기사