Астанада Solana фестивалі мен Solana City жобасы таныстырылды

558
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CoaD6Y2Pf9DSVib5Iu9OXLY4wx0APxxg3fS65Xsd.jpg

Астанада Solana мультиформаттық музыкалық фестивалінің алғашқы маусымына және Solana City стратегиялық жобасына арналған ресми пресс-конференция өтті. Іс-шараға фестиваль ұйымдастырушылары, серіктестер, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Пресс-конференция барысында фестивальдің негізгі концепциясы мен форматы, қауіпсіздік пен логистика мәселелері, сондай-ақ Solana City жобасының даму перспективасы жан-жақты таныстырылды.

Еуразиялық банктің қолдауы: бизнес пен креативті индустрияға серпін
Фестивальдің серіктестерінің бірі — Еуразиялық банк өкілі шағын және орта бизнесті қолдау банктің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Solana жобасы «Даму» қорының қолдауымен, яғни мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылып отыр. Жобаға банк тарапынан қаржылық құралдар, соның ішінде банктік кепілдіктер ұсынылған.

Сондай-ақ, банк өкілі медиа және креативті индустрия жобаларын қолдау ел экономикасына оң әсер ететінін айтты. Себебі мұндай ауқымды фестивальдер Қазақстанға түрлі елдер мен өңірлерден туристердің келуіне ықпал етеді.

«Solana — ауқымы кең жоба. Фестивальге тек жергілікті көрермендер ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінен және шетелден қонақтар келеді деп күтілуде. Біз бұл жобаға ұйымдастырушылық серіктес ретінде ғана емес, көрермендерге де қолдау көрсетеміз», — деді банк өкілі. Оның айтуынша, фестиваль билеттерін Еуразиялық банк карталарымен сатып алған көрермендерге 35 пайызға дейін бонус қарастырылған. Бұл бонустарды кейін тауарлар мен қызметтерді төлеуге пайдалануға болады.

Shanyraq Properties: инвестиция, туризм және әлеуметтік бастама

Фестиваль серіктестерінің бірі — Shanyraq Properties компаниясының өкілі Даурен Қайыржанұлы компанияның инвестициялық бағытта жұмыс істейтінін және Solana секілді жобалар арқылы туризмді дамытуға үлес қосып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол жуырда іске қосылған Shanyraq Kids әлеуметтік бастамасы туралы да сөз қозғады. Жоба әртүрлі себептермен білімін жалғастыра алмаған, алайда ерекше қабілеті бар дарынды балаларды қолдауға бағытталған. Компания мұндай балаларға қаржылай демеушілік көрсетіп, олардың білім алуына мүмкіндік беруді көздейді.

«Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы Solana Fest еліміздің туристік әлеуетін арттыратын маңызды жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, фестиваль аясында 50 мыңға жуық қонақ күтіледі, олардың едәуір бөлігі — шетелдік туристер. Қазіргі таңда Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан және өзге де елдерден қызығушылық байқалып отыр.

«Мемлекет тарапынан Solana Fest сияқты жобаларды қолдауға дайынбыз. Туроператорлармен бірлесіп, 3–5 күндік турпакеттер әзірлеу, арнайы штаб құру жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл — елімізді халықаралық деңгейде танытудың үлкен мүмкіндігі», — деді ол.

Сондай-ақ, Solana City жобасы ірі инвестициялық бастама ретінде бағаланып отыр. Жоба ұлттық нақышта әзірленіп, қаланың туристік экожүйесін толықтыруға және туристер легін арттыруға бағытталған.

Solana City: этнотуризм мен кемпинг аймағы

Жоба аясында серіктес гольф-клуб тарапынан 30 гектар аумақ бөлінген. Мұнда шамамен 40 киіз үйден тұратын этноқалашық салынып, халықаралық деңгейдегі туристік аймақ қалыптастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кемпинг аймақтарын дамыту да көзделген.

Solana Fest — бір әртістің концерті емес, бірнеше әлемдік жұлдыз бас қосатын ауқымды фестиваль. Биылғы маусымда сахнаға Tyga, Busta Rhymes, Flo Rida, Nicole Scherzinger, Keri Hilson және Timbaland шығады. Ұйымдастырушылар құпия қонақтың да болатынын мәлімдеді.

Фестиваль жылына екі рет — мамыр және тамыз айларында өтеді. Биылғы шара сағат 19:00-де басталып, 23:00-ге дейін жалғасады. Билет құны 25 000 теңгеден 160 000 теңгеге дейін. Билеттер тек ресми сайт арқылы сатылады.

댓글
기타 기사