30 жылдық үзіліс. Вице-президент — кімнің бауыры, не істейді?

554
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Z0VKVSE2JOtFxPkfTfk0hb5jP7DVNPx7pUBINik9.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында вице-президент лауазымын енгізуді ұсынды.

Президенттің сөзінше, болашақ вице-президентті парламент келісімімен Мемлекет басшысының өзі сайлайды. Вице-президент Парламентте, халықаралық іс-шараларда және шетелдік серіктестермен жүргізілетін келіссөздерде мемлекет басшысының мүддесін қорғайды.

Дегенмен, вице-президенттің қызметтері әлі нақты бекітілмеген. Осы тұста саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев вице-президенттің жүктемелеріне тоқталды.

— Ұлттық құрылтайда вице-президент лауазымын енгізу туралы айтқан. Бұл лауазым бізге қажет пе?

Вице-президент — атқарушы билік тармағына жатады. Ал бұл тармаққа Президенттің өзі, Үкімет және әкімдер кіреді. Енді атқарушы билікке тағы бір қосымша лауазымның қандай пайдасы бар? Ол нақты не істейді, қандай өкілеттігі болады? Егер вице-президент Үкіметтің орнына тағайындалса, онда ол Үкіметтің жұмысын атқарады деген сөз. Ал егер Үкімет те сақталып, вице-президент те тағайындалса, онда бұл лауазымның қажеттілігі неде? Сұрақ өте көп.

30 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ

30 жыл бұрын бірінші президент үкімімен лауазым алынған еді. Оған не себеп болды?

— Бізде вице-президент лауазымы бұрын болды. Назарбаевтың кезінде Ерік Мағзұмұлы Асанбаев вице-президент қызметін атқарды. Бірақ, ол лауазымды алып тастады. Өйткені, Назарбаевқа қарсылас сияқты көрінді.

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ

Қазақстан Республикасында вице-президент лауазымы 1991–1996 жылдар аралығында болған. Бұл қызметті атқарған алғашқы және жалғыз тұлға — Ерік Мағзұмұлы Асанбаев.

Вице-президент институтының негізі 1990 жылғы 20 қарашада қаланды. Сол күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік билік құрылымын жетілдіруге бағытталған заң қабылдап, вице-президент лауазымын енгізді.

1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен жалпыхалықтық президент сайлауында Ерік Асанбаев Қазақ КСР-дің вице-президенті болып сайланды. Ол бұған дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған.

Ал 1991 жылғы 10 желтоқсаннан бастап бұл лауазым «Қазақстан Республикасының вице-президенті» деп атала бастады. Арада алты күн өткен соң, 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.

1992 жылғы 2 шілдеде Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Президент пен вице-президент бес жыл мерзімге жалпыхалықтық сайлау арқылы сайлануы тиіс болды. Вице-президенттің кандидатурасын Президенттікке үміткер ұсынатын еді.

1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында вице-президенттің мәртебесі нақты айқындалды.

Конституцияға сәйкес, вице-президент Президентпен бірге сайланып, оның тапсырмасы бойынша жекелеген өкілеттіктерді атқарды және Президент өз міндеттерін орындай алмаған жағдайда оны алмастыруы тиіс болды.

Сонымен қатар, вице-президентке депутат болуға, басқа мемлекеттік немесе қоғамдық қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынды. Ол жеке басына қолсұқпаушылық құқығына ие болды.

Егер Президент қызметінен кетсе немесе қайтыс болса, оның өкілеттігі вице-президентке өтетін. Ал вице-президент өз еркімен отставкаға кете алатын.

Алайда 1995 жылғы 30 тамызда өткен референдумда қабылданған жаңа Конституцияда вице-президент лауазымы негізгі мемлекеттік құрылымнан алынып тасталды. Құжатта бұл қызмет тек өтпелі ережелерде ғана көрсетілді.

Нәтижесінде, 1996 жылғы 22 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ерік Асанбаев вице-президент қызметінен босатылып, Германия Федеративтік Республикасына Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Осылайша, Қазақстанда вице-президент лауазымы толықтай жойылған.

МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІ VS ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ

Мемлекеттік кеңесші мен вице-президенттің қызметтерінде қандай айырмашылық пен ұқсастықтар болады?

— Егер вице-президент институтын алсақ, мысал ретінде АҚШ-ты қарастыруға болады. Американың вице-президенті бір жағынан Сенатты басқарады. Екінші жағынан, Америкада Үкімет жоқ екенін ескеру керек. Америка президенті - Үкіметтің басшысы.

Мемлекеттік кеңесші мен вице-президенттің арасында үлкен айырмашылық жоқ. Біріншіден, біз вице-президенттің немен айналысатынын, неге жауап беретінін әзірге білмейміз.

Қазіргі жағдайда мемлекеттік кеңесші ішкі саясатқа жауап береді, ал кейде Президенттің тапсырмасымен сыртқы саясат мәселелеріне де араласады. Бұл оның қызметтік міндеттерінде көрсетілген.

Президент мемлекеттік кеңесші лауазымын алып тастайтынын айтты. Егер оның орнына вице-президентті қойса, ешқандай өзгеріс болмайды деп ойлаймын.

Елімізде вице-президент кім болуы мүмкін?

— Саяси сахнада жүрген азаматтар — мемлекеттік кеңесші, Сенат төрағасы немесе Үкімет басшысы вице-президент болуы мүмкін. Демек, егер бұл лауазым қайта енгізілсе, оған үміткерлер де алдын ала қарастырылған болуы ықтимал.

Шындығын айту керек, вице-президент пен мемлекеттік кеңесшінің арасында түбегейлі айырмашылық жоқ. Вице-президент Президенттің орынбасары ма, көмекшісі ме, әлде кеңесшісі ме — бұл жағы әлі нақты жазылған жоқ. Сондықтан қазіргі жағдайда Қазақстанға вице-президент лауазымының қажеті жоқ деп есептеймін. Шынымды айтсам, болашақ вице-президенттен ештеңе күтіп отырған жоқпын.

— Сұхбатқа көп рақмет!

 

Сұхбат берушінің көзқарасы “Адырна” ұлттық порталының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.

 

댓글
기타 기사