Әуе компаниялары ұшақта құрт пен сүт өнімдерін тасымалдаудың ережелерін түсіндірді

144
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FCCx0kXSDpWyD4019vlgDUHPaXTm4enRap12KEAH.jpg

Қазақстандық әуе компаниялары ұшақта құрт пен басқа да қышқыл сүт өнімдерін тасымалдау ережелерін түсіндірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы қалааралық әуе рейстерінде қышқыл сүт өнімдерін алып жүруге бола ма деген сауал тастаған еді. Бұл жазба қызу талқыланып, әуе компанияларына тікелей сауал жолданды.

Vietjet Qazaqstan компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатты қышқыл сүт өнімдерін, соның ішінде құртты қол жүгінде алып жүруге рұқсат етіледі.

«Олардың салмағына қатысты арнайы шектеу жоқ, ең бастысы – қол жүгінің жалпы салмағы әуе компаниясының ережесіне сай болуы керек», – деп нақтылады компания өкілдері.

Ал қышқыл сүтті сусындарға қатысты талап қатаңырақ. Қымыз, шұбат, айран және басқа да сұйық өнімдерді ұшақ салонына алып кіруге болмайды.

«Мұндай сусындарды жүкке өткізуге рұқсат бар, бірақ олар салқындатылған күйде және өндірістік қаптамада болуға тиіс. Қаптамада тауардың штрих-коды, өндіруші туралы ақпарат көрсетілуі қажет. Сондай-ақ, көлемі бір жолаушыға 5 литрден аспауы керек», – деді компания өкілдері.

FlyArystan әуе компаниясында сүт және қышқыл сүт өнімдерін қатаң шарттармен ғана тасымалдауға болады:
* Өнімдер тек салқындатылған күйде қабылданады;
* Тек тіркелген жүк ретінде өткізіледі (қол жүгінде болмайды);
* Мұндай жүк Limited Release жапсырмасымен таңбаланады (яғни тасымалдаушының жауапкершілігі шектеулі).
Қаптамаға да қосымша талаптар бар:
* Ыдыс берік, герметикалық жабылған болуы керек және көлемінің 4/5 бөлігіне дейін ғана толтырылуға тиіс;
* Ағып кетпеуі үшін өнімді үш қабатты полиэтиленге орап,
* Сыртынан қатты қорапқа (мысалы, картон қорап) салу қажет.

SCAT әуе компаниясында ережелер одан да қатаң: қышқыл сүт өнімдерін әрі тіркелген багажда да, әрі қол жүгінде де тасымалдауға тыйым салынады.
Ерекшелік тек:
* балалар тағамына,
* және дәрігер тағайындаған арнайы диеталық тағамға ғана жасалады.

Air Astana ережелерінде құрт пен басқа қышқыл сүт өнімдерін тасымалдауға тікелей тыйым салынбаған. Дегенмен, жолаушылар тағам алып жүруге қатысты жалпы талаптарды сақтауы керек.

Мысалы ағып кетудің және жағымсыз иістің алдын алу үшін өнім тек берік әрі бүтін қаптамада қабылданады. Қаптама кемінде үш қабаттан тұруы керек, ал бірінші және соңғы қабат міндетті түрде тығыз полиэтиленнен жасалуы тиіс.

Сапарға құрт немесе басқа қышқыл сүт өнімдерін алмас бұрын, жолаушылар нақты әуе компаниясының талаптарын алдын ала тексергені дұрыс. Себебі бір компания рұқсат берген өнімді екіншісі мүлде қабылдамауы мүмкін.

댓글
기타 기사