Қалың қалай, қазақ мұнайы? Еуропа басқа жақтан жол іздейді

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iSsNUnK6SrGVmJjDv9v9VLvYQLqx91DZ4RvscA21.webp

Еуропада қазақ мұнайының тапшылығы туындап, ірі мұнай трейдері Gunvor Group Солтүстік теңізден шикізат сатып алу көлемін күрт арттырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Bloomberg агенттігіне сілтеп.

Ақпарат дерегінше, компания соңғы екі күнде Солтүстік теңіз мұнайының бес партиясын сатып алған.

Басылым мәліметіне сәйкес, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесіндегі іркілістерге байланысты Қазақстан мұнайының Еуропаға экспорты шамамен екі есе қысқарған. Сарапшылар мұнай жеткізуге ұшқышсыз аппараттар шабуылы, қолайсыз ауа райы және жоспарлы жөндеу жұмыстарының кедергі келтіргенін мәлімдеді.

 Бұған қоса, Ливиядағы жүктеу үдерісінің үзілуі мен Норвегиядағы Johan Castberg кен орнындағы техникалық қызмет көрсету жағдайды ушықтырған.

Қазір Еуропада физикалық мұнай нарығында айқын теңгерімсіздік қалыптасты. Ауыр, күкіртті мұнай түрлері нарықта артық болса, Қазақстанның CPC Blend маркасына жататын жеңіл әрі аз күкіртті мұнай тапшылыққа айналған. Ал Азияда ОПЕК+ өндірісінің өсуі мен Венесуэладан келетін арзан мұнай ағыны салдарынан ауыр сорттар көбейген.

Туындаған тапшылық бағаның өсуіне әкелді. Солтүстік теңіз мұнайының негізгі сорттарына берілетін үстеме баға бір апта ішінде барреліне шамамен 1 АҚШ долларына өсті. Әдетте арзан саналатын Forties сорты Brent эталонынан 2 долларға жуық премиямен сатылып жатыр. Бұл — 2024 жылдың тамызынан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Сонымен қатар, WTI мен Brent маркалары арасындағы баға айырмашылығы айтарлықтай ұлғайды. АҚШ мұнайының фьючерстері Brent-тен барреліне 4,76 доллар арзан саудалануда. Бұл — 2025 жылдың сәуірінен бергі ең үлкен алшақтық.

Қазақстандық Brent мұнайынан төмен бағаланатын CPC Blend қаңтар айында соңғы бір жылда алғаш рет премиямен сатылды. Трейдерлердің айтуынша, оның үстеме бағасы барреліне шамамен 1,2 долларды құраған. Бұған Новороссийскіден жоспарланған 45 танкерлік жөнелтудің кемінде 21-інің кейінге қалдырылуы немесе толық тоқтатылуы себеп болған.

Сарапшылар жағдай ауа райы жақсарып, Қара теңіз терминалындағы жөнелту қалыпқа келген соң тұрақталады деп болжап отыр. Алдын ала бағалауға сәйкес, ақпан айында қазақстандық мұнай экспорты тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін артуы мүмкін. Қаңтарда бұл көрсеткіш 500 мың баррельге дейін төмендеген.

댓글
기타 기사