Қайшылыққа толы Қаңтар оқиғасы

863
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NDi7NiDlEJ0MLlYBCtneS0Ub4SBMlbMWtj3Z5Nd9.jpg

Биыл Қаңтар оқиғасына 4 жыл толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

2022 жылы қаңтардың 2-сі мен 11-і аралығында Қазақстанның бірнеше өңірінде наразылық шаралары өткен еді. Кейін бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды. 238 адам қаза тапты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болғанын атап өтті.

«2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілді. Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткен еді. Бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылды.

Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды»,-деді ол.

Президент сол кездегі ҰҚК және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшыларының әрекетін сынға алды.

 «Төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі. Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.

Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр»,-деді Тоқаев.

Еске салайық, наразылықтардың басталуына 2022 жылғы 1 қаңтарда сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауы себеп болды. Алғаш болып наразылықты Маңғыстау облысының тұрғындары, соның ішінде газ өндіретін Жаңаөзен қаласының халқы білдірді. Қазақстан билігінің жағдайды бастапқы кезеңде тұрақтандыруға бағытталған әрекеттері нәтиже бермеді. Халық наразылығы тез күшейіп, 3–4 қаңтар күндері елдің басқа өңірлеріне де тарады. Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Талдықорған және өзге де қалаларда жаппай шерулер өтті. Алматы қаласында шерушілер полиция көліктерін қиратып, олар өртке оранды. Жүздеген адам қамауға алынып, 4 қаңтар күні түнде ел аймағында интернет байланысы өшірілді. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының аумағында төтенше жағдай енгізілді. 5 қаңтар күні таңертең Үкіметтің отставкаға кеткені белгілі болды.

Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өтті. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. Шетелдік әскери контингенттер елдің ең көп зардап шеккен өңірлеріндегі стратегиялық нысандарды күзетке алды. Бұл қазақстандық күш құрылымдарына бүлікшілердің ашық қылмыстық әрекеттерін оқшаулауға мүмкіндік берді.

Осы кезеңде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрімов Мәсімов қызметінен босатылды. Кейін ол билікті күшпен басып алуды ұйымдастырды, мемлекетке опасыздық жасады және қызметін асыра пайдаланды деген айыппен қамауға алынды.

2022 жылғы 7 қаңтар таңында елдегі жағдай әлі де күрделі еді. Президент халыққа үндеу жасап, елде лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатқанын мәлімдеді. Қарулы қылмыскерлердің атыс қаруын пайдалануы салдарынан мемлекет басшысы оларға қарсы оқ атуға бұйрық берді. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік төңкеріс әрекетінің алғашқы күндерінде кейбір кеңесшілерінің елден кетуді ұсынғанын, алайда өзі бұл ұсыныстан бас тартқанын айтты. Өйткені тәртіпсіздіктердің түпкі мақсаты билікті басып алу болған.

7 қаңтардан бастап Алматыда және ел бойынша жағдай біртіндеп тұрақтана бастады. Көшелерде полиция мен әскери патрульдер қайта пайда болды. Құқық қорғау органдары қарулы топтарға қарсы тазалау операцияларын жалғастырды.

10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысандардың қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты. Оқиға бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Қаңтар оқиғаларынан кейін елде бірқатар саяси өзгеріс болды. Атап айтсақ, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, Мәжіліс төрағасы ауысты, 16 министрдің жартысы қызметінен кетті. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» жетекшілігінен айырылып, бұл қызметке Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындалды.

Төтенше жағдай режимі елде шамамен екі аптаға созылып, 18-19 қаңтар түні алынып тасталды. Ал 20 қаңтарда елдегі конституциялық тәртіптің қалпына келуіне ықпал еткен ҰҚШҰ бітімгерлік күштері Қазақстаннан шығарылды.

댓글
기타 기사