Бас сәтбаевтанушы және Семей полигонындағы шырақшы

66
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/2yYxOnWtgYyyjaabL3elFixA3w62plQFhAdsLIhZ.jpg

Бүгін қазақ және кеңес жазушысы, драматург, публицист, қоғам қайраткері, бас сәтбаевтанушы және Семей полигонындағы шырақшы Медеу Сәрсекеевтің туғанына 90 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна”.

Медеу Сәрсеке 1936 жылы 2 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Қайнар ауылында туған.

Ол  қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген (1958). 1958-1959 жылдары «Жас Алаш» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1959-1963 жылдары Семей цемент зауытында мастер, аға диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы, 1963-1965 жылдары «Егеменді Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, 1965 жылдан Қазақстан жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы болды.

«Ғажайып сәуле» (1959), «Көрінбестің көлеңкесі» (1960), «Жетінші толқын» (1964), «От және атом» (1965) повестері жас жеткіншектерге арналған. Өндіріс адамдары жайлы «Жеті жылдықтың жігіттері» очерктер кітабы (1961), «Қаз қайтқанда» (1968), «Айшықты мезет» (1969) деректі повестері жарияланды. 

«Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» (2005) атты деректі ғұмырнамаларын (1980, 1989), «Шығыс хикаясы» пьесасын (1971), «Жаңғырық» (1979), «Көмбе» (1985) романдарын жазды. А.Беляевтің «Қос мекенді адам» романын қазақ тіліне аударған. 

Сондай-ақ, жазушы Медеу Сәрсекенің қазақ және орыс тілдеріндегі «Семей қасіреті» және «Семипалатинская трагедия» хикаяттары 2016 жылы жарық көрген болатын.

Деректі тарихи хикаят – Қазақ елінің, Жер-суының, Тағдырының қасіретін толғаған кемел туынды. Бұл энциклопедиялық сипаттағы кесек шығармада қисапсыз мол материалдар, айғақ-деректер жинақталып, жүйеленіп нақтылы баяндалған, тарихи-философиялық жинақтаулар мен тұжырымдар жасалған. Мысалы, «Семей қасіреті» кітабының «Жапон халқына қымбат «сыйлық», «АҚШ қырғиларымен тайталаста», «Қазақ сахарасы – сынақ алаңы», «Қыр елінің тарихы шерткен сыр», «Мамыражай жаз еді», «Қорғаушысы жоқ ел жетім», «Мүсәпір елдің тағдырын кім ойлайды», «Мұхамедғали Сужиков не үшін қудаланды?», «Қисапсыз көп жарылыс кім үшін?», «Радиация күлінің астындағы тірлік», «Жазаның ауыры – кешіккен шындық», «Еңіреген ер қайда атқа мінген?», «Заман озып, заң тозған жылдарда», «Жаралы жерде жаңғырған ел», «Семей полигонын кім жапты?», «Адасулар, өтірік және ақиқат» дейтін дастанға лайық ауқымды тарауларында замана кейпі, дәуір шындығы, тұтас адамзат қауымына зұлымдық жасаған ел билеушілерінің жыртқыштық, зымияндық, әпербақандық әрекеттері, халық қабырғасын қайыстыруы соншалықты дәйекті, сүйекті дәлелдерімен әңгімеленеді. 

«Құрмет» орденімен (2001), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1970), Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 

댓글
기타 기사