Ұлттық өнерден халықаралық сахнаға: «Алатау» театрының жылдық жетістіктері қандай?

35
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gPoQvKjZnRistmVlrgUqoymCyy3G0ZoPHHNHR7pp.jpg

2025 жыл «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін шығармашылық өрлеу жылы болды. Театр ұлттық өнерді жаңғырту, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттау және халықаралық сахналарда таныту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды.

Биылғы жылы театр Біржан сал шығармашылығынан сыр шертетін «Теміртас» реквиемін сахналап, көрерменге қазақ ән өнерінің байлығын көрсетті. Қойылымда домбыра мен дәстүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен ұлттық философия мен мәдениет терең ашылды.

Театрдың гастрольдік сапарлары еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Алматы, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында өтті. Барлығы 42 қойылым көрсетіліп, әр өңірдегі көрермендер театр өнеріне ерекше қызығушылық танытты. Балаларға арналған «Әгугай мен Игигай» ертегілік қойылымы жас көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.

Халықаралық сахнада театрдың «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклі ТМД елдерінің V Жастар театр форумында және А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалінде көрсетілді. Сонымен қатар, «Steppes Rhapsody» қойылымы Франциядағы «Авиньон OFF» фестивалінде сахналанып, қазақ мәдениетін әлемдік қауымға паш етті.

Жыл қорытындысында театр қызметкерлерінің еңбегі жоғары бағаланды. Мәдениет қызметкерлері күніне орай бірнеше қызметкер Президент пен қала әкімінің наградаларымен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың «Теміртас» спектаклі Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің VII «Сыншылар жүлдесі – 2025» байқауында «Драма спектаклінің жыл хореографы» номинациясын жеңіп алды.

Театр жанындағы этно-фольклорлық және вокалды-аспапты ансамбльдер еліміздің түрлі өңірлерінде және шипажайларда концерттер беріп, халыққа мәдени демалыс ұйымдастырды. Сондай-ақ, мүгедек жандар мен есту қабілеті шектеулі азаматтар үшін халықаралық фестивальдерге қатысу арқылы таланттарды анықтау мен қолдауға үлес қосты.

2025 жылы театр жаңа шығармашылық бастамаларды қолға алып, Мейрам Хабибуллиннің режиссерлігімен «Қайран Абай» спектаклі дайындалып, көрерменге жол тартуға дайындалды.

Орталық Азиядағы жалғыз дәстүрлі өнер театры ретінде «Алатау» алдағы уақытта да ұлттық өнерді әлемге танытып, рухани жаңғырудың жарқын үлгісі болуды жалғастырады.






댓글
기타 기사