Сарапшы Альберто Туркстра: Президент Тоқаев – Қазақстанның Еуропаға бағытталған қазіргі сыртқы саяси моделінің негізгі архитекторы

145
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YuFFiSb5nslNt6ijOkKBJzKju1rKoxG9gijuCFwI.jpg

Еуропалық одақ пен Қазақстан қарым-қатынасы соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Антониу Коштаның Астанаға сапары – осы серпіннің айқын көрінісі. Сарапшылар бұл кездесуді Еуропаның Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саясатқа деген сенімінің белгісі деп бағалайды. Қазақстанның көпвекторлы бағыты, оның ішінде Еуропамен стратегиялық әріптестікті тереңдету, бүгінде Орталық Азиядағы геосаяси теңгерімнің негізгі элементіне айналды. Осы мәселелерді түсіну үшін біз Diplomatic World журналының жоба менеджері, Орталық Азия бойынша сарапшы Альберто Туркстрамен әңгімелестік.

–  Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның Астанаға сапары Қазақстан және жалпы Орталық Азия үшін қандай саяси маңызға ие?

–  Бұл сапар – тарихи белес және өзара жоғары деңгейдегі байланыстармен өрілген мазмұнды жылдың қисынды қорытындысы. Еуропалық одақ тарапынан осы кезеңде бірқатар маңызды тұлғалар сапарлады: ЕО-ның халықаралық әріптестік жөніндегі комиссары Йозеф Сикела және ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас.
Бұл – Еуроодақтың Қазақстанмен және жалпы Орталық Азиямен стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін көрсететін айқын сигнал. Қазақстан ЕО үшін аймақтағы негізгі әріптес болып қала береді, өйткені Еуропа мен Орталық Азия арасындағы сауда мен инвестиция ағынының басым бөлігі біздің елдің үлесіне тиесілі.

–  Еуропалық одақ дәл қазір Қазақстанға қатысты дипломатиялық белсенділігін неге күшейтіп отыр? Бұл өзгеріп жатқан еуразиялық геосаясатпен қаншалықты байланысты?

–  Еуразиядағы өзгермелі геосаяси ахуал мен бірнеше фактор ЕО-ның белсенділігінің уақытын да, ауқымын да түсіндіреді. Биыл Самарқанда өткен «ЕО – Орталық Азия» алғашқы тарихи саммиті екі өңір арасындағы қатынастардың жандана түскенін көрсетті.
Сонымен қатар Украинадағы соғыс, жеткізу тізбектерінің әлсіздігі, энергия қауіпсіздігі, стратегиялық маңызды шикізатқа қол жеткізу мәселелері Еуропа мен Қазақстанды бұрынғыдан да жақындатады.
Еуропа стратегиялық автономияға қол жеткізуді көздейді, оның негізі – энергия көздерін, шикізат жеткізуді және транзиттік бағыттарды әртараптандыру. Осы тұрғыдан алғанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты – яғни Орта дәліз – арқылы Қазақстан ЕО үшін шешуші рөл атқарады.

 Қазақстан мен Еуропалық одақтың қазіргі қатынас моделін қалыптастыруда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі қандай?

–  Президент Тоқаев – Қазақстанның Еуропаға бағытталған қазіргі сыртқы саяси моделінің негізгі архитекторы. Ол елдің көпвекторлы бағыты мен ірі державалардан бірдей қашықтықта болу қағидатын табысты жалғастырып келеді.
Тоқаев тұсында Қазақстан ЕО-ны сауда, инвестиция, энергетика, көлік инфрақұрылымы және цифрландыру салаларындағы басты стратегиялық серіктес ретінде атап өтті. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатындағы Еуропаның тірек бағыттарының бірі екенін дәлелдейді.

– Биыл Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге 10 жыл толады. Тоқаев пен Кошта арасындағы келіссөздерде қандай бағыттар негізгі болады деп ойлайсыз?

–  Бірінші кезекте – сауда, инвестиция және экономикалық ынтымақтастық. ЕО қазірдің өзінде Қазақстанның ең ірі инвесторы және сауда серіктесі, бірақ әлеует одан да үлкен.
Екінші бағыт – көлік және байланыстың дамуы. Қазір ең өзекті ұғым – Орта дәліз. Бұл бағыттың тиімділігін арттыру үшін көптеген форумдар, зерттеулер, техникалық жұмыстар жүргізілді. Екі тарап та «тар орындарды» жою үшін инфрақұрылымға инвестиция салуы қажет.
Үшінші бағыт – жасыл энергетика, стратегиялық маңызды шикізат және таза технологиялар. Қазақстан Еуропаның жасыл және цифрлық трансформациясы үшін қажет маңызды шикізатқа ие және тұрақты ел ретінде бұл жеткізілімдерді қамтамасыз ете алады.
Сонымен қатар цифрландыру, инновациялар, технологиялық жаңғыру – соңғы жылдары Қазақстан артықшылық жинаған салалар.

 Қазақстан мен ЕО визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісім бойынша алғашқы ресми келіссөздерді бастады. Бұл Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет болып отыр. Мұндай бастама қандай белгі береді?

–  Бұл жерде адамдар арасындағы байланыстардың маңызы өте жоғары. Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету – көптен күткен, кешігіп барып жүзеге асқан қадам.
Қазақстан азаматтары Еуропа үшін қауіп төндірмейді және визалық режимді бұзу деңгейі өте төмен. Сондықтан визаларды жеңілдету – логикалық әрі өз уақытында жасалған қадам. Мықты стратегиялық серіктестік тек үкіметаралық емес, адамдар арасындағы сенімді байланыстарға да сүйенуі керек.

 Кошта сапары Украина бойынша жаңа бітімгерлік келіссөздер аясында өтіп жатыр. Тоқаев Қазақстанның «бейбітшілік платформасы» рөлін нығайтуды көздейді деп ойлайсыз ба? Бұл Қазақстан мен аймақ үшін қаншалықты тиімді?

–  Иә, Тоқаев тұсында Қазақстан өңірлік және Еуразия кеңістігіндегі нейтрал немесе делдал алаң ретінде жиі атала бастады. Жақында Қазақстанда өткен Армения-Әзербайжан келіссөздері соның нақты мысалы. Олар тамыздағы Ақ үйдегі келісімге жол ашты және Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік мүмкіндігін айтарлықтай арттырды.
Сонымен қатар Қазақстанның Сирия келіссөздеріне араласуы, БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы елдің беделін күшейтеді. Ең бастысы – Қазақстанның бірде-бір державаға жақындамайтын теңгерімді көпвекторлы саясаты мемлекеттерге диалог жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.

–  Кошта сапарын Тоқаевтың сыртқы саяси бағытына деген сенімнің белгісі деп қарастыруға бола ма?

–  Әрине, болады. Бұл сапар - Тоқаев саясатының тиімділігіне берілген айқын баға. Сапардың дәл Саясатты кеңейтілген әріптестік келісімінің 10 жылдығымен тұспа-тұс келуі, визалық жеңілдету бойынша келіссөздер, көлік, энергетика, стратегиялық шикізат салаларындағы жаңғыру – мұның барлығы ЕО-ның Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қабылдайтынын көрсетеді.
Кошта сапары барысында Қазақстанның дипломатиялық рөліне, транзиттік мүмкіндіктеріне, ресурстық әлеуетіне жасалған акцент – Брюссельдің Тоқаевтың салмақты, ашық сыртқы саясатын жоғары бағалайтынын айқын дәлел.

댓글
기타 기사