"Мүгедектерді Құдай жазалаған..." Шенеуніктің сөзі жұрттың шамына тиді

615
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JAKCwzGjv9hGJiZkRQPyI5O7nEWta3rSgFy2EBv9.jpg

Бірер апта бұрын Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Қанат Есболатовтың мүгедектігі бар жандарға қатысты айтқан сөзі желі жұртының ашуын туғызды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл оқиға Талғар ауданында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесу кезінде орын алған.

Кездесу соңында министрдің жеке қабылдауына жазылушылар көп болғандықтан, Есболатов тұрғындарды сабырға шақырып, «алдымен мүгедектерді қабылдауға жазайық, оларды онсыз да Құдай жазалаған...» деген сөз айтты. Шенеуніктің бұл айтқаны әлеуметтік желіде кеңінен сынға ұшырап, халық тарапынан қатты талқыланды.

Пікірлерде Есболатов мүгедектігі бар жандарға қатысты терминологияны дұрыс қолданбағаны, сондай-ақ мемлекеттік қызметкер ретінде әдептілік талаптарын сақтамағаны айтылды.

11қараша күні ғана жаңа қызметіне тағайындалған облыс әкімінің бірінші орынбасары желіде кешірім сұрап, жазба жүктеген.

"Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты ақпарат беруді жөн деп санаймын. Денсаулық сақтау министрімен Талғарда өткен кездесуге қалың жұрт жиналды. Әрқайсысы өзекті мәселе көтеріп, сұрақ қоюға асықты. Сондықтан кезек те үлкен болды. 

Регламент бойынша кездесуге екі сағат бөлінген еді. Бірақ, сұрақтардың көп болуына байланысты жиын шамамен 4 сағатқа созылды. 

Келген азаматтардың арасында бірқатар мүмкіндігі шектеулі жан болды. Кейбірі тік тұрып, өз кезегін күтті. Кезегі жеткенде залдағы бірнеше адам сөзін бөліп, оған кедергі жасай бастады. Регламентті сақтауға шақырдым. Алайда орыс тілінде айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұрыс жеткізбеппін. “Құдай үлкен сынақ берген” деп айтпақ болғанмын. 

Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне, тіпті намысына тигенін де түсіндім. Осы үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын", - деп жазды.

댓글
기타 기사