Балқаш әуежайын реконструкциялауға қайтарылған активтер есебінен 945 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан реконструкция жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және әуе айлағының негізгі параметрлерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Жоба толық іске асқанда әуежайдың өткізу қабілеті 30%-дан аса өседі.
Ведомство жұмыстардың едәуір бөлігі орындалғанын хабарлап отыр.
Әуежайдың негізгі ғимараты мен қосалқы нысандарының шатыры жөнделіп, терезелері ауыстырылған. Кәріз жүйесі мен су құбырының негізгі желісі жаңартылды.
Бұдан бөлек, әуежай қызметін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қажет арнайы аэродром техникасын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аэродромдық өрт сөндіру көлігі, жылжымалы трап, шағын автобус және аэродромға арналған жанармай құю көлігі сатып алынған.
Бекарыс Жандаулет