Соңғы 10 күнде елордада бір айлық нормадан артық қар жауды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Қысқы маусым басталғалы бері коммуналдық қызметтер күшейтілген тәулік бойғы режимде еңбек етіп жатыр.
Қар тазалау және арнайы полигондарға шығару жұмыстары қаланың барлық алты ауданында үздіксіз жүргізілуде. Ауа температурасының күндіз жылынып, түнде күрт төмендеуіне байланысты қала көшелері мен тротуарларда көктайғақ пайда болуда.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарына техникалық тұз себілуде. Қыс басталғалы бері көктайғаққа қарсы 3 мың тоннадан астам материал қолданылып, 176 мың текше метрден астам қар шығарылған. Бұл көрсеткіш — шамамен 14 мың ауыр жүк көлігінің рейсіне тең.
Әкімдік мәліметінше, барлық жұмыс тәулік бойы жалғасып жатыр. Сонымен қатар, аулалар мен кіреберістерді қар мен мұздан тазалау — ПИК пен МИБ ұйымдарының тікелей міндеті. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін аулаларды дер кезінде тазалап отыруы тиіс.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын ауа райының қолайсыз кезінде сақтық шараларын ұстануға, көктайғақта абай болуға және қажетсіз алыс сапарларға шықпауға шақырды.


