Әскери тәртіп пен әскери полиция жұмысына қатысты заңдарды қайта қарау қажет - сенатор

492
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jFet0gue7HqWcF3tqalmHBbk1hZr2Pg7axnS5nZD.jpg

Сенат отырысында сенатор Андрей Лукин Қазақстан Қарулы Күштеріндегі тәртіп пен әскери полицияның жұмысын реттейтін заңнаманы қайта қарау қажеттігін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сенатордың сөзінше, әскери тәртіп — елдің қорғаныс қабілетінің негізі.

Ол жеке құрамның моральдық жағдайына, жауапкершілік деңгейіне және жауынгерлік тапсырмаларды орындау қабілетіне тікелей әсер етеді. Алайда қазіргі қолданыстағы нормалар заман талабына сай емес.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жүйелі проблемалар сақталып отыр. Бөлімнен өз бетінше кету, жарғыдан тыс әрекеттер, сыбайлас жемқорлық белгілері сияқты құқық бұзушылықтар бар. Алдын алу шараларының тиімділігі төмен, әскери полиция, прокуратура мен қолбасшылық арасындағы үйлестіру әлсіз. Бұл құқықтық базаның жеткіліксіздігін көрсетеді», — деді сенатор Лукин.

Ол әскери полиция мен қолбасшылық қызметін реттейтін ережелердің бір бөлігі ескіргенін айтып, заңнаманы жаңартуды ұсынды.

«Әскери полиция, қолбасшылық және құқық қорғау органдарының функцияларын нақты ажырату қажет. Сондай-ақ тәртіп бұзушылықтарды бақылауға цифрлық жүйелерді енгізу, әскери бөлімнен өз еркімен кету үшін жауапкершілікті қатаңдату керек. Бұдан бөлек, әскери психологтарды даярлау мен сертификаттау стандарттарын бекіту және суицидтің алдын алу бойынша ведомствоаралық бағдарлама әзірлеу маңызды», — деді депутат.

Сенатордың пікірінше, бұл шаралар Қарулы Күштердегі тәртіпті нығайтып қана қоймай, қоғамның әскерге деген сенімін арттырады және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

댓글
기타 기사