Қазақстан мектептерінде балаларды суға бату фактілері мен жазатайым оқиғалардан қорғау мақсатында жүзу сабақтары енгізілмек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл бастама балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың физикалық дамуына да оң әсер етуге бағытталған. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің айтуынша, аталған жобаны Су спорты федерациясы толық қолдап отыр.
«Балаларды ерте жастан суда өздерін сенімді ұстауға үйрету — өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолдарының бірі. Біз бұл бастаманың кеңінен жүзеге асырылуын қолдаймыз», — деді Баландин.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2024 жылы әлем бойынша 236 мыңнан астам адам суға кетіп көз жұмған, оның 82 мыңы – балалар. Осыған байланысты Қазақстанда жүзу сабақтарын мектеп бағдарламасына енгізу судағы жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы ретінде қарастырылып отыр.
Жоба 2026 жылдан бастап Алматы мен Астанада пилоттық режимде іске қосылады. Сәтті жүзеге асқан жағдайда бағдарлама бүкіл республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілмек.