Фото: Christopher Furlong - WPA Pool/Getty Images
Ұлыбритания королі ІІІ Карлдің інісі Эндрю Маунтбеттен‑Виндзор ханзада өзінің титулынан айырылып, резиденциясы Royal Lodge-ны тастайды. Бұл туралы Букингем сарайы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Құжатта көрсетілгендей, бұдан былай ол «Эндрю Маунтбеттен-Виндзор» деп аталады.
Сарайдың дерегінше, король кеше ресми түрде Эндрюді титулдар мен корольдік құқықтарынан айыру рәсімін бастаған. Бұған дейін ол Royal Lodge резиденциясында тұрып келген болатын.
«Эндрюға жалға алу келісімін тоқтату туралы ресми хабарлама жіберілді. Ол басқа жеке меншік тұрғын үйге көшеді. Бұл шаралар оның өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарғанына қарамастан қажет деп танылды», — делінген сарайдың хабарламасында.
Соңғы уақыттарда Эндрю қоғам тарапынан үлкен қысымға ұшырап келеді. Бұған оның аты америкалық миллиардер Джеффри Эпштейнмен және сексуалдық қылмыстар үшін сотталған Гислейн Максвелл мен Харви Вайнштейнмен байланысы себеп болды.
Биыл жаңа деректер пайда болып, 2006 жылы Эндрюдің өз резиденциясында — Royal Lodge үйінде — Эпштейнді, Максвеллді және Вайнштейнді қабылдағаны анықталған. Бұл кездесу оның қызы, Беатриса ханшайымның 18 жасқа толу мерекесінде өткен.
Король сарайының өкілдері бұл шешімнің «монархияның беделін сақтау және қоғамдық сенімді қалпына келтіру үшін қажет» екенін атап өтті.
Ұлыбритания үкіметі де бұл шешімді қолдап, оны «дұрыс әрі уақытылы қадам» деп бағалады.