Пәкістандағы этникалық қазақтардың тағдыры. Елшілік уәдесі әлі орындалмады

2422
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/I6MGqQVv3quz7LcDBhM6Nz8YYCGZ0JmPmYVx6pmv.webp

Пәкістандағы қазақтардың жағдайы күн өткен сайын алаңдатарлық күйге түсіп отыр. Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы жаңа шиеленістен кейін полиция босқындарға жаппай рейд жүргізе бастаған. Қазіргі таңда бұл елде ондаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан этникалық қазақтар да тұтқындалып жатыр. Бұл туралы Orda.kz жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әр апта сайын олардың бірі ұсталып, Ауғанстанға депортацияланып жіберіледі. Солардың бірі – Исламуддин Латифи. Ол қамауда отырса да, болып жатқан оқиғалар жайлы пәкістандық журналистерге айтып үлгерген.

«Ауғанстаннан 45 жыл бұрын келгенбіз. Біз – қазақпыз. Пәкістанның ішкі істер министрлігі бізге мәселе шешілгенше тұтқындалудан қорғайтын құжат берген. Бірақ полиция бәрібір бізді ұстап алды», — дейді Исламуддин.

Ер адам картоп пен пияз сатып күнін көрген. City21 телеарнасының кадрларында оның әкесі Абдул Латиф пен бауыры Сайфулла да көрінеді. Оларды бірге ұстаған.

Ал Карачи қаласының тұрғыны Хамид Уллах Жорабай Пәкістан билігі берген құжаттың күші жоқ екенін айтады.

«Құжатта адамдардың қазақ екені, олардың мәртебесін Қазақстан тексеріп жатқаны және тексеру аяқталғанға дейін Пәкістанда тұруға рұқсат берілетіні жазылған», — дейді отандасымыз.

Министрліктер мен сыртқы істер министрлігінің өкілдерінің қолдары қойылғанына қарамастан, бұл құжат адамдарды қорғап қала алмаған. Одан бөлек, мұндай құжат алу өте қиын болған, себебі Қазақстан елшілігі ешқандай рұқсат беруден бас тартып, нақты жауап ұсынбаған.

«Полиция Исламуддиннің үйіне баса-көктеп кіріп, үш адамды бірден алып кетті. Кейін тағы бір ер адам жоғалып кетті. Оның қай бөлімшеде отырғанын анықтау мүмкін болмады. Ал Ауғанстанға күштеп қайтарылған отбасылардың ізі де табылмай кетті. Ешкіммен байланыс жоқ», — дейді куәгерлер.

Бұл кезде екі елдің шекарасында шайқастар болған. «Талибан» өкілдері 58 пәкістандық әскериді жойып, 25 шекара бекетін басып алғанын мәлімдеген. Осы оқиғадан кейін полиция үйлерді тінтіп, босқындарды іздей бастаған. Ал Хамид Уллахтың өзі қазір досының үйінде тығылып жүргенін айтады.

Ресми жауаптардың ішінен тек 19 қыркүйекте бір хатқа жауап келген. Пәкістандағы Қазақстан елшісі Ержан Қыстафин бұл жауапты депутаттыққа кандидат, тарихшы Шәмші Жұмамұраттың хатына берген.

Хатта елшілік Карачи, Кветта және Пешавар қалаларындағы 300 қазақтың өтініші бойынша «жұмыс жүргізілгенін» және олардың істері «2025 жылдың желтоқсанында қаралатын» болып жолданғанын жазған.

«Мен тамыз айында министр Нұртілеуге (бұрынғы — ред.) өз азаматтарымызды қайтару туралы өтініш жаздым. Жауап 4 қазанда келді. Бірақ хатты түсіну мүмкін емес. «Желтоқсанда жұмыс орындалды»деп жазылған. Ал қазір қазан айы ғой. Олар қай ай екенін біле ме өзі? Меніңше, Қыстафин қазақ тілін түсінбейді», — деп ашуланды Шәмші Жұмамұрат.

Пәкістандағы қазақтардың бұл мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Елшілік пен сыртқы істер министрлігі «мәселені қарастырамыз» деп уәде бергенімен, осы уақытқа дейін нақты іс атқарылмаған. Адамдар Отанынан көмек боларына деген үмітін жоғалта бастады. Ал түрмеде отырған қазақтар өздерін әлі де туған елі санайтын Қазақстанның оларды еске алатын күнін күтіп отыр.

댓글
기타 기사