Тағы да иллюзияға түсіп, далақтай бермеңіздерші…

1748
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LNOS3HxErEolsgHtlT4WBoBOJDnUd4pRo5hMFfwV.jpg

Бар ойым, Сәбет заманында әлдебір коммунизмге жетуге асық боп, соның пропагандасымен иллюзияда өмір сүруді үйренген қоғамбыз ғой. Тағы да сондай иллюзияға түсіп қалып, далақтай бермеңіздерші дегім келгені еді…

Жасанды интеллект туралы екінің бірі айтып кетті ғой бүгінде. Мынадай да қызық болады екен. 

Осыдан 10 жыл бұрын, 2015-тен бастап ЖИ туралы айта бастайсың. Ертең кеш қалатынымызды. Үйрену қажеттігін. Білу қажеттігін. Қолдану қажеттігін. Ешкім құлақ аспайды. “Фантастика, қиял әлемінен шық. Ауылда интернет жоқ, қайдағы ЖИ?” дейді.

Сосын…

2025 жылы келеді. Барлығы ЖИ эксперті боп шыға келеді. “Ауылда интернет жоқ” деп жүргендердің өзі ЖИ қолдана бастайды. Енді ше? Заман ағымы. Ешқайда қашып құтыла алмайсың.

Бірақ… 

1990 жылдары интернет пайда болды. Оның не екенін адам баласы ұқпады. Өйткені, оны қолдану үшін өре керек еді. Әрі технологиялық шаруамен айналысуың қажет болды. 1995 жылдары браузер пайда бола бастады. Жұрт (жұрт болғанда да көзі қарақты жұрт) енді интернеттің не екенін ұға бастады. Өйткені, интернет браузер ғаламторды көпшілікке ашып берді. Мұны технологиялық интерфейс дейді. Сосын барып АҚШ жұртшылығы шүйдесін қасып, “Енді бұдан қалай ақша тапсақ болады?” деген әңгімені талқылай бастады. Сөйтіп өмірге Google, артынан Amazon келді. 

Бұл дәуірлерді Web 1.0, Web 2.0, Web 3.0 сияқты шартты атаулармен екшелейді.

Интернеттің алғашқы кезеңдерінде статикалық интернет-парақшалар, артынан форумдар заманы болды. Бірен-саран, 2-3 түйір сайт болмаса, жалпы қазақ бұқарасы бұл кезеңдерді аттап өтті. Көрмеді. Білмеді. Бізге интернет-сайт деген МайлРуАгент заманы сияқты сезілді. 2007-8 жылдар. Ол кезде қазақтың “Маған сайт ашып берші?” дегені “Маған МайлРуАгент” чатын ашып берші деген сөз болатын. Яғни, МайлРудан электронды пошта аштырып алса, соны “Менің сайтым бар” деп мақтанатын. Одан да қызығы, поштаңды сұраған адамға “пәленшетүгенше @gmail.com” десең, ол жазып алғанда артына @mail.ru дегенді қосып қоятын. Өйткені, біздің қоғамда “электронда пошта тек МайлРу деп аяқталуы тиіс” ұғымы қалыптасты.

Мұны айтып отырғаным, техносауаттың жоқтығы. Технологиялық прогрестің кезеңдеріне кешігіп қосылғаннан қоғамның көп нәрсені болжап, барлап, ұғынып үлгермей жатқанын тілге тиек ету.

Ал әлемде, айналада не боп жатқанын ұғынып, болжап, барлап болмай жатқан қоғам саясатта да, экономикада да, білімде де, ғылымда да мешел дамиды.

Міне, қазір де солай. 

Жасанды интеллектің қарқыны адамды бет қаратпастай қарып тұр. Алайда… Дамыған елдер жеткен пирамиданың ұшар басындағы нүктенің алғышарттары бар еді. Пирамиданың табаны іспетті бұл алғышарттарды дамытпай - жасанды интеллект туралы сөз қозғау - қиындау.

Ол алғышарттар дәстүрлі жасанды интеллект, яғни машинаны үйрету саласы. Әр бағытқа, салаға қажет машиналық модельдерді жасау. Ол үшін сұрыпталған, сапалы, мол датасеттің (мәлімет, ақпарат) қажеттігі. Ол үшін әр саладағы контент жиынтығы һәм мамандардың даярлануы керек. 
Шыбынды балғамен ұрып өлтіруге де болады. Егер қолыңыздан келсе. Әлбетте, қиындау шаруа. Дұрысы, сапалақпен қырып салу. Өйткені, сол бағыттағы дұрыс құралы сол. Ауыр, ебедейсіз, икемсіз балғамен шыбын қуалаған адам көрмеппін…

Біздің қазіргі жағдайымыз осындай боп тұр. Қазақ қоғамында технологиялық тұрғыдан қарапайым, кез-келген компьютерде әркім өзі іске қоса алатын, арзан немесе мүлдем тегін, алайда, нақты өз шаруасында теңдессіз һәм мүлтіксіз қызмет атқара алатын машиналық модельдер жасау, іске қосу, қолдану кезеңдерінен өтуіміз қажет еді. 

Бірақ біз бұл этапты да кезіндегі Web 1.0, 2.0 этаптарынан секіріп өтіп, мобайл интернет заманына топ ете түскеніміз секілді, үлкен тілдік модельдер LLM дәуіріне, GPT һәм трансформерлер дәуіріне топ ете түстік.

Енді, міне, медицинада, ауылшаруашылықта, қаржы, заң, мұнай-газ, басқа да барлық салада датасет жоқ, бизнес-процесс анықталмаған, нені жасанды интеллект жасауы керек, нені адам жасауы керек деген осыдан 10 жыл бұрынғы сұрақтарды шешіп алмастан, балға сияқты ауыр, ебедейсіз, қымбат, тіпті кей жағдайда белге байлауға ауыр шоқпарды көтере алмай дабыра қылып кеттік.

Мұның барлығы, шектен тыс әумесерлік, әр затты өз орнымен емес, дабыра-мақтан мақсатында қолдану - қоғамға пайда әпермейді. Әрі-беріден соң, әсіре қызылдың тез оңатыны тағы бар.

Енді не істейміз?

Тау басына шығатын адам арасында бір тоқтап, демін алып, жан-жағын бажайлап алады ғой. Біз де сөйтуіміз керек. Күніне 20 шақырым жүгіретін марафоншының артынан далаға бүгін шыққан адам өлсе де қуып жетпейді. Алды-артымызға қарайық. Жасанды интеллекті қалай қолданамыз, дұрыс қолданысы қандай, бұрыс қолданысы қандай, жалпы дәл бір жағдайларда қолдану керек пе, қалай қолдану керек, қай ЖИ түрін қолдану керек, қаншалықты қолдану керек деген секілді сұрақтарды талқылап, шешіп алсақ қой…

..дейін десем, біздің қазақ “Ааа, қолданып қажет емес пе? Жарайды, онда!” деп тағы басы ауған жаққа кетіп қала ма деп уайымдап отырмын…

Бар ойым, Сәбет заманында әлдебір коммунизмге жетуге асық боп, соның пропагандасымен иллюзияда өмір сүруді үйренген қоғамбыз ғой. Тағы да сондай иллюзияға түсіп қалып, далақтай бермеңіздерші дегім келгені еді…

댓글
기타 기사