Қазақ еліндегі антропология негізін қалаушы. Советтер қудалаған Смағұлов

1357
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Sk1pTmg70NKQCjb1T0PbRX9AOBFg6yOsFjzoQNan.jpg

Бүгін – қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, академик Оразақ Смағұлұлының туған күні. Ғалым 95 жасқа толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

30 қыркүйекте Ұлттық музей басшысы Берік Әбдіғалиұлы басқаруымен «ҒАСЫР. ТҰЛҒА. ҒЫЛЫМ» атты мерейтойлық шарада Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің вице-министрлері, Сенат депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, руханият саласының жанашырлары ақжарма лебіздерін арнап, ғұлама ғалымға құрметін көрсетті. Құттықтауларда  көрнекті тұлғаның еңбегі ерекше аталып, «Қазақ халқы және ата тегі» сынды баға жетпес еңбектері ұлттық қазына екені айтылды.

Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіғара ауданы Ұялысай ауылында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесін, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның тарих факультетін бітірген. Тарих факультетінде оқып жүріп, антрополгия ғылымына қызығушылығының арқасында Алматы мединститутының кешкі бөлімінде де білімін жетілдірген. 1963 жылы Мәскеу қаласында кан­дидаттық диссертация қорғаған. 

Ол – Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, ҚР ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері. Кеңестік кезеңде ғалым қазақ халқының антропологиялық типі туралы диссертация қорғаған. Тоталитарлық режім ғалым еңбектеріне тыйым салып, қудаласа да өз бағытынан таймаған. Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» атты еңбегі ғылымда үлкен жаңалық болды.

Академик қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі адамдар қазақ халқының ата-бабасы екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, ұлт тарихын елу ғасырға жылжытқан. Ғалым Абылай ханның бет-бейнесін қалпына келтірді, Қобыланды батыр, Әйтеке би қабірлерінде антропологиялық зерттеулер жүргізген.  

 

 

댓글
기타 기사