Ахмет Байтұрсынұлының Қазан қаласында түскен суреті табылды

1016
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rgbhnRhuRPI0e7z5nQjjayVmGlEtHTcT2UTfu3Hx.jpg

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бұрын көпшілік көрмеген суретін табылды. Бұл туралы әдебиетші, алаштанушы Қайырбек Кемеңгер «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

9–13 қыркүйек аралығында Қазақстан Жазушылар одағы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында Қазан қаласында ғылыми-зерттеу іссапары өткен.

Іссапар барысында Қазан қаласындағы «Татар әдебиеті тарихының музейі – Шариф Камал мемориалдық пәтерінен» Ахмет Байтұрсынұлы бейнеленген белгісіз сурет анықталған. Сурет «Араб жазуын реформалау конкурсына қатысушылар. Қазан, 1927» деген түсіндірмемен сақталған. Фотода Мұхаммед Идрисовтің есімі ғана көрсетілгенімен, бейнеленген тұлғалардың ортасында Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі айқын көрінген. Музей мамандары алғашында суретті түсіруге рұқсат бермей, кейін келісімге келген.

Қайырбек Кемеңгердің айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлының Қазан қаласында бұрын-соңды болғаны туралы бұған дейін ақпарат айтылмаған.

«Ахмет Байтұрсынұлы Қазан қаласына келді деген ақпаратты бұрын естімедік... «Келгені сөзсіз, мұны осы сурет растайды» деп ой түйдік. Бір есептен, мұрағат материалына мұқият татар ағайын суреттің қайда және қашан түсірілгені жайында олқылық жібере қоймас деп те ойладық»,–дейді ол.

Әдебиеттанушы ұлт ұстазының 1927 жылдың күзінде татар зиялыларымен бірлесіп, араб алфавитін реформалау жөніндегі комиссияның мүшесі болғанын мәлімдеді. Ахмет Байтұрсынұлының жұмысы жергілікті «Мағрифат» журналының 1927 жылғы 12-нші санында жарияланған.

«Біздің анықтауымыз бойынша, суреттегі 22 адам арасында Ахмет Байтұрсынұлы жалғыз қазақ. Татар ғалымы, оң жақ шетте отырған Мұхаммед Идрисов пен Ахмет Байтұрсынұлы алдында ғана қағаз бар. Бұл жайт та екі ғалымның қалғандарынан бәсі биік екенін білдіретіндей. Ортадағы шағын столға екі адам ғана сияды. Екі адамның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ақаңа үстел басынан, құрметті жерден орын берілген. Қазақ ғалымы аяғын да, қолын да айқастырып жинақы отыр. Жас мөлшері жағынан Ақаң барлығынан үлкен секілді. Сурет 1927 жылдың күз мезгілінде түсірілген деген мәліметті анықтадық. Н.Мифтахутдинова 1927 жылдың қазан, қараша айлары болу керек деп пайымдады. Ақаңның жасы бұл кезде 55 жастан асқан»,—деп толықтырды зерттеуші.

댓글
기타 기사