Тәуелсіздіктің 34 жылында. Белгілі кәсіпкер аты-жөнін қазақшалады

4140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VeI2hkwH2gBNs9ALTHW2ofPoJawx6QviNJptuPcu.jpg

Қазақстандық кәсіпкер, меценат, «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекей жеке куәліктегі аты-жөнін қазақша жаздырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мектепте оқып жүргенімізде-ақ тегімізді қазақшалауға мүмкіндік берілген еді. Ол кезде жас болдық, мәнін ұқпадық, құнықпадық. Кейін есейе келе, бұл мәселеге тереңірек ой жүгірттік. Алайда құжаттарды, дипломды ауыстырудың машақаты көп болғандықтан, аса қатты мән бермей жүре беріппіз.

Соңғы жылдары осы қадамға белді бекем буғаныммен, Гарвардта оқып жүргенде паспортты ауыстыру визаға әсер етуі мүмкін болғандықтан, бұл істі кейінге қалдырдым. Өйткені визаны қайта рәсімдеу барысында, әсіресе шекарадан өткенде, тегі өзгерген адамдарға қосымша сұрақтар қойылатынын тәжірибелі ағайындар ескерткен еді. Сол себепті оқуымды тәмамдағанша бұл ойды ысырып қоюға тура келді»,—деді ол.

Айтуынша, шетелде жүргенде тегін көрген кейбір адам «Сіз көрші елдің азаматысыз ба?» деп жиі сұрайтын болған.

«Құжат толтырғанда екі әріпке аз жазып, уақыт үнемдейтін боламын. Бірақ шынын айтсам, шетелде жүргенде тегімді көріп, «сіз көрші елдің азаматысыз ба, әлде сол ұлттың өкілісіз бе?» деген сауалдарды жиі естіп, іштей қынжылатынмын. Ал бүгін, шүкір, сол олқылықтың орнын толтырдым. Енді өзімді шын мәнінде қазақтың, өз ұлтымның перзенті ретінде сезінемін. Ал сіз өз тегіңізді өзгерту туралы ойланып көрдіңіз бе?  Ұлттық болмысымызды айшықтап, тұтас этикамызды сақтауда бұл қадамның мәні зор емес пе?»–деді ол.

댓글
기타 기사