Польшадағы Радом қаласында әуе шоуына дайындық барысында F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырап, пилот қаза тапты. Бұл туралы 28 тамыз күні кешке Польша үкіметінің баспасөз хатшысы Адам Шлапка әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
«Радомдағы трагедия: әуе шоуына дайындық кезінде F-16 жойғыш ұшағы құлады. Өкінішке қарай, пилот қаза тапты», – деді ол.
Оның айтуынша, Польша ұлттық қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш оқиға орнына бет алған. Ол премьер-министр Дональд Тускпен үнемі байланыста екендігін атап өтті.
Кейінірек министр әлеуметтік желіде өзі оқиға орнына келгенін хабарлады.
«F-16 жойғышының апаты салдарынан Польша армиясының ұшқышы – әрқашан Отанға адалдықпен және үлкен ерлікпен қызмет еткен офицер қаза тапты. Оның рухына тағзым етемін. Отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын», – деп жазды Косиняк-Камыш.
Ол бұл жағдайды Әуе күштері мен бүкіл Польша армиясы үшін үлкен қайғы екенін айтты.
Польша президенті Кароль Навроцкий мен премьер-министр Дональд Туск та апатқа қатысты пікір білдірді.
«F-16 жойғышының апаты мен ұшқыштың қаза тапқаны туралы өте қайғылы хабар алдым. Отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Құдай оның жанын жәннаттан етсін», – деп жазды Навроцкий.
«F-16 ұшағының апаты салдарынан поляк ұшқышы қаза тапты. Топырағы торқа болсын! Отбасы мен туыстарына барша жүрегіммен қайғыра көңіл айтамын», – деді Туск.
Жойғыш ұшақтың апатқа ұшыраған сәті түсірілген видеоларды әлеуметтік желі қолданушылары жариялап үлгерді.