Олжас Бектенов барлық автожол жобаларын тексеруді тапсырды

1881
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4XKt9LMvLHeI7hoRFDH4zwD1KJkwaG6hxDImVl3P.jpg

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов барлық автожол жобаларының жүзеге асырылуын тексеруге 1 қазанға дейін уақыт берді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

«Жоғарыда аталған заңбұзушылықтарды ескере отырып, Көлік министрлігі мен Ұлттық сапа орталығына барлық автожол жобаларының жүзеге асырылуын 1 қазанға дейін тексеруді тапсырамын. Нәтижесінде кінәлілерді жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар әзірленуі тиіс. Көлік және Қаржы министрліктеріне Ұлттық сапа орталығының жұмысын күшейту жөнінде шешімдер дайындауды тапсырамын», — деді Олжас Бектенов Президенттің автожолдардың сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысына арналған кеңесте.

Кеңесте жол саласының қазіргі жағдайы мен даму жоспары қаралды. Президенттің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты тапсырмалары негізге алынды.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров пен «ҚазЖолҒЗИ» АҚ президенті Арман Әлібаева баяндама жасады. Көлік министрлігінің деректері бойынша, еліміздегі жол желісінің жалпы ұзындығы – 185 мың км, оның ішінде 25 мың км – республикалық маңызы бар жолдар, 70 мың км – жергілікті жолдар және 90 мың км – елді мекен көшелері. 2025 жылы 13 мың км жол жөнделеді деп жоспарланған: оның 2 мың км-ден астамы – республикалық жолдарды қайта жаңарту, 6,6 мың км – облыс орталықтары арасындағы жолдарды жөндеу, 4,1 мың км – жергілікті желі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайын 94%-ға, жергілікті жолдарды 91%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Заңнамалық деңгейде бірқатар өзгерістер енгізілді:

  • Ұлттық сапа орталығының ескертулерін жоймай, жол нысандарын пайдалануға қабылдауға тыйым салынды;
  • 2023 жылдан бастап орташа жөндеу жобалары міндетті түрде ведомстволық сараптамадан өтуі тиіс.

2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша:

  • Сапасыз құрылыс материалдарының және жол ақауларының үлесі 2%-ға азайды;
  • Гравий төселген жергілікті жолдарды асфальтбетон жабынына ауыстыру 14%-ға артты;
  • Жобалық шешімдерді оңтайландыру арқылы 1 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді;
  • Жергілікті жолдардың 50%-ы диагностикамен қамтылды;
  • 384 асфальт-бетон зауыты кешенді тексеруден өтті;
  • «Кілтпен тапсыру» форматындағы келісімшарттар мен жобалық құжаттарды алдын ала сараптау енгізілді.

«ҚазЖолҒЗИ» президенті Арман Әлібаева жол саласына цифрлық технологияларды енгізу бойынша баяндама жасады. Соңғы бес жылда институт жол құрылысын жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ғылыми зерттеу жүргізген. Қазіргі таңда бірнеше цифрлық жоба жүзеге асырылуда.

Атқарылып жатқан негізгі жобалар мен бастамалар:

  • Superpave технологиясы – жол жамылғысын климат пен көлік ағынына бейімдей отырып ұзақ мерзімді етуге мүмкіндік береді;
  • Jolshy платформасы – 2 мыңнан астам маманды біріктірген, кадрлық өзгерістер мен біліктілік деңгейін бақылауға арналған база;
  • Жол-көлік оқиғаларын талдау порталы – жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа бастама.

Олжас Бектенов 2030 жылға дейін 4 мың км жолды қайта жаңарту қажет екенін атап өтті. Биыл аяқталатын маңызды жобалармен қатар, жобалық құжаттамасы дайын жаңа бағыттарды (Ақтөбе–Ұлғайсын, Қарағанды–Жезқазған, Атырау–Доссор, Сарыағаш, Петропавл, Рудный, Қызылорда айналма жолдары) іске қосу тапсырылды. Сондай-ақ, 2,5 мың км жол орташа жөндеумен қамтылуы тиіс.

Көлік және Қаржы министрліктеріне, «ҚазАвтоЖол» компаниясына қаржыландыру мен мердігерлерді анықтау, ал Көлік және Құрылыс министрліктеріне — жобалық сараптаманы құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде параллель жүргізу тетігін әзірлеу тапсырылды.

Анықталған өзекті мәселелер:

  • Жетісу, Алматы облыстарында сапа орталығының ескертулеріне қарамастан, нысандар қабылдануда;
  • Павлодар трассасында бетон жамылғысының көтерілуі тіркелген;
  • Солтүстік Қазақстан облысында алынған сынамалардың 43%-ы стандартқа сай келмейді;
  • Атырау мен Түркістан облыстарында тұрғындар жол сапасына жиі шағымданады;
  • Қаражат игеру қарқыны төмен: Абай облысы — 42%, Ақтөбе — 52%, Ақмола — 56%.

Премьер-министр сапасыз жұмыс үшін мердігерлердің жауапкершілігін арттыруды, сондай-ақ, бөлінген бюджет қаражатын тиімді игеруді тапсырды.

댓글
기타 기사