Әйел адамның қазасынан кейін. Алматыда ағаш бұтақтарын кесу басталды

1852
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TnJo8K58NmcCgZ3gOywEWNRnXfbKdDudtLrNE5nb.jpg

Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде ағаштарды кесу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар 27 жастағы әйелдің үстіне ағаш бұтағы құлап, қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ағаштарды кесу 14 шілдеде, қайғылы жағдайдан бір күн өткен соң басталған. Марқұм Татьяна түскі уақытта кофе алуға шыққанда, үстіне ағаштың үлкен бұтағы құлап кеткен. Әйел оқиға орнында көз жұмды. Артында күйеуі мен кішкентай баласы қалды.

Құрғақ бұтақтарды кесу жұмыстары Шәріпов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында және Шәріпов көшесінде жүргізілуде.

Алмалы аудандық әкімдік өкілі кесу жұмыстары тек қайғылы оқиғамен байланысты емес екенін айтты. Оның сөзінше, тұрғындардан осы көшедегі ағаштарға қатысты бірнеше өтініш түскен, қазір соған сәйкес жұмыс атқарылып жатыр.

Айта кетейік, Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, қайғылы жағдайға себеп болған ағаш визуалды тексеру кезінде «жасыл, қанағаттанарлық күйде» деп бағаланған. Алайда оқиғадан кейін қала тұрғындары жасыл желекке жауапты органдардың жұмысына сын айтты.

댓글
기타 기사