24 және 25 шілде күндері Жамбыл мен Алматы облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдарда екі ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлаған.
24 шілде күні сағат 09:40-та Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Қашқантеңіз станциясы маңында, «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 451-шақырымында Toyota Alphard маркалы көлік экскаватор-погрузчикпен соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жылдамдық пен қауіпсіз қашықтықты сақтамаған, салдарынан жол апаты орын алған. Апат салдарынан төрт адам қаза тауып, екі адам жарақат алды.
25 шілдеде сағат 10:15-те, Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылы маңында, KAZ-06 республикалық автожолының 81+500 шақырымында Toyota Alphard көлігі доңғалақты трактормен соқтығысты. Бұл жол учаскесінде сол сәтте жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Қажетті барлық уақытша белгілер қойылған, алаңда 9 жұмысшы мен 5 техника болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жылдамдықты асырған, жүк көлігін оң жақтан басып озуға әрекет жасап, қоршалған аймаққа кіріп кеткен. Нәтижесінде жол жөндеу техникасымен соқтығысқан. Апат салдарынан 6 адам қаза тауып, оның ішінде біреуі жол қызметкері болған. Тағы екі адам жарақат алған.
Айта кетейік, ай басында, 5 шілде күні Қарағанды облысындағы Ақшатау кенті маңында қайғылы жол апаты болған еді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Балқаш бағытында келе жатқан Kia Sedona жүргізушісі жол белгілеріне мән бермей, басқа көлікті басып озған. Оның салдарынан көлік жөндеу жүріп жатқан аумаққа ұшып келіп, кейін көлік қоршауға соғылған. Соқтығысудан кейін көлік өртеніп, 7 адам оқиға орнында жан тапсырды.