Қазақстанда мұғалімдерге қарсы күш көрсету деректеріне байланысты жауапкершілікті күшейту мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрінен медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қатысты қатаң жаза қолдану туралы сұралған еді. Ермек Көшербаев бұл мәселеге орай қосымша түсініктеме беріп, мұғалімдердің де шабуылға жиі ұшырай бастағанын атап өтті.
"Тек медицина қызметкерлерін ғана емес, басқа салаларды да қорғау жүйесі болуы керек деп есептейміз. Соңғы кезде мұғалімдер де шабуылға ұшырай бастады. Әрине, заңда мұғалімдердің құқығы қорғалатыны жазылған. Бірақ мұғалімдерге қарсы әрекет пен оның жауапкершілігі арасында нақты тепе-теңдік болуы тиіс. Бұл бағытта бірнеше ұсыныс бар. Депутаттармен бірлесіп, шешім қабылдаймыз", – деді Көшербаев.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендерге қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын.