74 мың заңсыз контент анықталып, мыңдаған материал жойылды – министрлік

1478
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sAXukdOvFfpB1watvhMjsDacHtkMYEg52b18il5x.jpg

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздің ақпарат саласында бірқатар маңызды өзгеріс болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрліктің хабарлауынша, медиа саласының басты бағыттарының бірі  — заңсыз контентпен күрес. Жыл басынан бері интернет кеңістігінен 74 мыңнан астам құқыққа қайшы материаланықталған. Олардың 36 мыңнан астамы жойылған. Онлайн платформаларда таралған 49 мыңнан аса заңсыз материалдың 12 мыңы өшірілген.

Сонымен қатар БАҚ реестрі жаңартылып, елімізде жұмысын тоқтатқан 140 ақпарат құралы тіркеуден шығарылған. Қазіргі таңда республикада 4 871 БАҚ тіркелген. Оның ішінде 3 002 басылым, 236 телеарна, 98 радио және 1 231 онлайн-басылым бар.

Ақпарат саласындағы тағы бір жаңалық — отандық телеөнімдердің халықаралық жобалар арқылы дамуы. Түркия, Қытай және Ресеймен бірлескен телехикаялар мен деректі фильмдер түсіріліп, көрерменге жол тартты. Атап айтқанда, «Qazaqstan» арнасы мен түркиялық «Kanal D» арнасы бірігіп, 100 сериялы «Қайта оралған Үміт» телехикаясын дайындап жатыр.

Министрлік мәліметінше, халықаралық Euronews арнасымен де тығыз ынтымақтастық орнаған. Арнайы жобалар аясында ондаған халықаралық репортаж бен бағдарламалар жарық көрген. Сонымен қатар Euronews Academy бастамасымен Қазақстанда медиатренингтер ұйымдастырылып, жас журналистерге кәсіби курс ұсынылған.

Бұдан бөлек, тұрғындарды отандық контентке қолжетімді ету мақсатында «сұр табақшаларға» балама ретінде отандық спутник аппараттарын субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда үш облыста 300-ден аса тұрғын құрылғыларды жеңілдікпен сатып алған.

«Ақпараттық қауіпсіздік, сапалы контент және халықаралық ынтымақтастық – қазіргі медиасаясаттың басты бағыттары. Біз отандық БАҚ-ты қолдауды жалғастырамыз», — делінген министрліктің хабарламасында.

댓글
기타 기사