Көрнекті дәрігер, ғалым және педагог Нина Қаюпова өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Нина Қаюпова – Қазақстандағы акушерлік-гинекологиялық қызметтің қалыптасуына зор үлес қосқан медицина саласының ірі өкілі.
Ол – Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының негізін қалаушылардың бірі.
Өзінің кәсіби жолында 30 мыңнан астам сәбидің дүниеге келуіне көмектесіп, 25 ғылым докторы мен 40 ғылым кандидатын дайындаған. 19 монография мен 400-ден астам ғылыми мақаланың авторы атанған Нина Әмірқызы соңғы жылдары да ғылымнан қол үзбей, бас ғылыми қызметкер және кәсіби журналдың бас редакторы ретінде еңбек еткен.
Университет ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айта отырып, оның есімі Қазақстан медицинасы тарихында мәңгі қалатынын атап өтті.
Қоштасу рәсімі 16 шілде күні сағат 10:00-де Concordia театрында өтті.